«Белсенді азамат» акциясы аясында 300-ден астам астаналық кеңес алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елорда әкімдігінің бастамасымен қала тұрғындары үшін «Астана» концерт залында ашық есік күні өтіп, оған қаланың барлық басқармаларының басшылары мен өкілдері қатысты.

«Белсенді азамат» акциясы аясында 300-ден астам астаналық кеңес алды

«Белсенді азамат» акциясының шеңберінде «Өз қалаңды дамытуға үлесіңді қос» ұранымен өткен шараға елорда тұрғындары келді. Азаматтар сұрақтарын қойып, мамандардан кеңес алды және елордада өмір сүру сапасын жақсарту бойынша өз ұсыныстарын жеткізді, деп хабарлайдыastana.kz .

«Біз үшін шешім қабылдағанда немесе белгілі бір жұмыстарымызды жоспарлаған кезде қала тұрғындарының пікірлерін ескеру маңызды. Сондықтан бұл шара жемісті өтеді деп ойлаймын, тұрғындар таңертеңнен бері белсенділік танытуда, сол себепті азаматтардан түскен сұрақтарды бүгінгі күннің қорытындысы бойынша жүйелендіріп, алдағы уақытқа жұмыс жоспарын құратын боламыз»,- деп атап көрсетті Астана қаласының ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Каналимов.

Шара барысында қала тұрғындары өз сұрақтарын ауызша және жазбаша түрде қоя алды. Қалалық басқармалардың басшыларды олардың сауалдарына жауап беріп, кеңес айтып қана қоймай, өткен жылдың қорытындысын шығарды. Қалалықтар негізінен тұрғын үй құрылысының кезегі, жұмысқа тұру, ПИК қызметі, көлік қызметі және денсаулық сақтау саласы бойынша сұрақтар қойды.

Астана қ. Тұрғын үй қатынастары басқармасына және Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қойылған сұрақтар көп болды.

Қала тұрғындарының айтуынша, мұндай шаралардың халық үшін пайдасы зор және олар елорданың дамуына оң ықпал етеді. Мұндай акциялар олардың проблемалық мәселелерін қысқа уақытта және нәтижелі шешуге көмектеседі.

«Бізге адамдар көптеген мәселелерін айтып келеді, жақында жұмыстан шығып қалған жұмыссыздар көп, олар жұмыс іздеп келеді немесе мамандығын ауыстыруды қалайды. Біз барлық мәселелерді шешуге тырысамыз, осы жерде шешілмесе, басқармада жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібімен шешетін боламыз», - деп мәлім етті Астана қаласының жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы Қауіпсіздікті бақылау және еңбек қорғау бөлімінің басшысы Нұрлан Исекеев.  

Елордалықтарға басқармалардың басшыларына сұрақтарын тікелей қоюға мүмкіндік беретін «Белсенді азамат» акциясы екі жылдан бері өткізіліп келеді. Шара жылына екі рет  қаңтар және ақпан айларында ұйымдастырылады. Келесі мұндай шара 8 ақпанға жоспарланған.

Сағат  13.00-дегі жағдай бойынша шараға 300-ден аса адам қатысты, 1000-ға тарта сұрақ алынды, олар бойынша толыққанды жауаптар берілетін болады.