Белсенділік, энтузиазм мен шығармашыл әлеует - Маңғыстауда референдум қалай өтті
АҚТАУ. KAZINFORM — Ресми мәліметтерге сәйкес референдумға Маңғыстау халқының 54,03%-ы қатысты. Облыста дауыс беру қалай өтті, несімен ерекшеленді ?
Өңірде 250 учаске жұмыс істеді
Маңғыстау өңірінде 435 162 адам дауыс беру құқығына ие. Дауыс берушілер үшін сағат 7.00-ден бастап 250 учаске ашылды. Оларда 1 734 адам қызмет етті. 238 учаске халықпен тікелей жұмыс істеді. Ал 12 жабық сайлау учаскесі вахталық кенттерде, тергеу изоляторында, сондай-ақ емдеу мекемелерінде орналасты.

«Республикалық референдум туралы» Конституциялық Заңның 4-бабы 4-тармағына сәйкес референдум өткізу учаскелері жұмысына қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатысты. Облыс бойынша 6 қоғамдық бірлестік аккредиттелді.
Тұрғындармен қатар, облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай референдумда өз таңдауын жасады.
- Бүгін ел ертеңі үшін аса маңызды және тарихи күн. Жалпыұлттық референдум - Қазақстанның демократиялық даму үдерісіндегі басты қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, референдумға қатысатын азаматтар елдің қоғамдық өміріндегі маңызды үдерістердің қатысушылары болады, – деді әкім.
Өндірістегілер белсенділік танытты

АЭС салу мәселесі бойынша дауыс беру «Қаламқас» кен орнында қызу жүзеге асты. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін мұнай-газ саласының қызметкерлері жұмыстан қол үзбей жүріп, дауыс бере алды.
- Қоғамның көзқарасын ескеріп, шешім қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз еткен науқанға белсенді атсалысу — азматтық парызым деп білемін. Еліміздің даму бағдарын айқындайтын шарадан сырт қалмауымыз маңызды, - деп атап өтті мұнайшылар.
«Қаражанбас» кен орнындағы №236 референдум учаскесі сағат 6.00-де жұмысын бастады. Өндірістік цехтар мен бөлімдердің қызметкерлері дауыс беруге кірісіп, кейін бөлім басшылары дауыс берді. Сонымен қатар, учаскелерде орталық аппарат қызметкерлері мен вахтааралық демалыста жүрген қызметкерлер таңдауын жасады.
Ақтау қаласы іргесіндегі БН-350 реакторлық қондырғысының директоры, ядролық энергетика саласының тәжірибелі маманы Марат Молдағұлов та АЭС салу мәселесі бойынша өз ұстанымын білдіру мақсатында дауыс берді.

- Менің ойым Қазақстан халқы көшелі мәселеде кемеңгерлігін көрсетіп, елімізде ғылым мен техниканың даму келешегі үшін дауыс береді. Азаматтар саналы таңдауын жасайды деген ойдамын, - дейді ол.
Белгілі эколог Орынбасар Тоқжанов та референдум учаскесінде өз таңдауын жасады.
- Атом электр станциясының құрылысын шешу мақсатындағы референдумға келіп, өз таңдауымды жасадым. Адам дауыс беру арқылы азаматтық ұстанымын айқындайды, - деп түсіндірді Орынбасар Тоқжанов.
Дауыс берушілер қатарында ҚР мәдениет саласының үздігі, ҚР Президенті стипендиясының лауреаты, әнші, сазгер Есенбай Құли да бар, ол референдумда өз таңдауын жасады.

№3502 әскери бөлімнің әскери қызметшілері де маңызды оқиғадан тыс қалмады. Бөлім бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Нұржан Ибраев бастап келген әскерилер арасында ерік білдіру құқығын алғаш пайдаланған жас сарбаздар да бар. Мәселен, Түркістан облысынан қызметке келген солдат Қуаныш Алғашбек 18 жаста.
- Бұл - менің бірінші рет дауыс беруім. Референдумға қатысу әрбір азаматтың міндеті деп ойлаймын. Бүгінгі референдумды Қазақстанның сенімді болашағы үшін дауыс беру арқылы өз ұстанымымды білдірудің маңызды қадамы деп санаймын, – деді ол.
Сондай-ақ, әскери қызметшілер - ағайынды үшем Жанарыс, Бекарыс және Ақарыс Зеккеновтер дауыс берді. Қазір олар Ақтау қаласында келісімшарт бойынша қызмет етеді. Референдум учаскесі басшысы Тілектес Смағұл үшемдерге арнайы сыйлық табыс етті.

Таиландтан келген жас келін референдумда Қазақстан азаматын - жұбайын қолдады. Маңғыстауға келін болып түскен тай елінің қызы Суфафон Хонгчетхэм күйеуі мен қайын енесіне еріп жүрді. Ол осы жылдың сәуір айында келін болып түскен еді. 23 жаста, бірақ азаматтығы болмағандықтан, дауыс беруге қатыса алмады
- Бүкіл ел үшін маңызды күн. Мен де болашақ мемлекет үшін өз таңдауымды жасадым. Әйелім Қазақстанда референдум қалай өтіп жатқанын көруі үшін ерте келдік, - деп атап өтті Мирас Арслан.
Референдумға Бекмағұловтар әулетінің тоғыз келіні де қатысты. «Абысын – ажын» байқауы республикалық кезеңінің жеңімпаздары сайлау учаскесінің сәнін келтіріп, ұлттық нақыштағы киімдерімен көпшілік көзайымына айналды. Әулеттің бас келіні Жаңылхан Ерменова «Абысын тату болса – ас көп» деген халық даналығына сәйкес, бейбіт елдің болашағы, ұрпақтың алаңсыз келешегі үшін дауыс беруге келгенін мәлімдеді.

Маңызды таңдауды Маңғыстау «моржы» да қабылдады. Сақылдаған сары аязда айдынға сүңгуді дағдыға айналдырған Тоқтамұрат Тілеу елдің тағдыршешті шарасынан тыс қалмады. Референдум күні теңізге құлаш сермеп, бой сергіткен Тоқтамұрат Тілеу тікелей дауыс беруге барды. Салауатты өмір салтын ұстанатын маңғыстаулық ел ертеңі мен ұлт келбетін айқындауға атсалысу - азаматтық борышы деп біледі.
- Мен мемлекет келешегі үшін өз таңдауымды жасадым! Бұл кезең белді бекем буып, батыл шешім жасап, жарқын болашаққа бет алатын кезең! - дейді маңғыстаулық морж.
Ақтауда тұратын Қасым, Жомарт есімді егіз балалардың да ата-анасы өз таңдауларын жасап, ел болашағы үшін дауыс берді. Егіздердің әкесі Ерлан Мәуленов еліміздің болашағы үшін саяси шаралардан тыс қалмай, қатысуымыз керек дейді.
- Балаларымыз - Қасым мен Жомартты да ерте келдік. Себебі, балаларымызға осындай тарихи сәттерге жауапкершілікпен қарауды үйретуіміз керек. Егіз ұлымыз ес білген сәттен бастап есімдерінің салмағын сезінеді. Қазір зор жауапкершілікпен атына заты сай азамат болуды мақсат етіп, өсіп келеді, - дейді ол.
Биыл Қасым мен Жомарт 10-сыныпта оқиды. Бос уақыттарында спортпен шұғылданып, математика, ағылшын тілі пәндері бойынша қосымша сабақтарға қатысады. Болашақта егіздердің бірі Жомарт IT саласының маманы болғысы келсе, Қасым құқықтық салада қызмет еткісі келеді.
Қариялар дауыспен қатар бата да берді
ҚР жер қойнауының құрметті барлаушысы, Қарақия ауданы және Маңғыстау облысының құрметті азаматы Тұрсынғали Көшенов өзі тұратын Құрық ауылында дауыс берді. 1 қазанда 90 жасқа толған еңбек ардагері осы жасқа келгенше қоғамдық-саяси өмірден қол үзген емес.

– Референдум деген – елдік шаруа. Қасым-Жомарт Тоқаев президенттікке келгелі бері елімізде екінші рет референдум өтіп отыр. Бұл – ел тағдырына қатысты мәселеде халықпен ақылдасудың, олардың пікірімен санасудың белгісі деп ойлаймын. Сондықтан отбасыммен, бала-келін, немерелеріммен келіп өз таңдауымызды жасадық, – дейді атақты геолог-барлаушы.
Тұрсынғали ақсақал кезінде Бакудың М. Азизбеков атындағы политехникалық институтын бітірген маңғыстаулық алғашқы бұрғышы-инженер. Жетібай кен орнын ашушы кен барлаушыларының бірі. Тек Жетібай емес, соған ілесе ашылған бірнеше кен орнында Тұрсынғали Көшеновтің табан ет, маңдай тері жатыр.
Бостан ауылының дана қарттарының бірі Алпамыс Жұмалиев 88 жаста. Тыл ардагері өзінің өмірлік тәжірибесі мен парасаттылығы арқасында бүгінде елдің ағасы, сыйлы да құрметті азаматы. Референдум күні азаматтық таңдауын жасады.
Құланды ауылында 91 жастағы еңбек ардагері Бесікбай Тегісбаев азаматтық позициясын танытып, өз таңдауын жасады. Қария барлық дауыс беру науқанында бой көрсетіп, азаматтық борышын орындап жүрген асылдардың бірі.
Өмірзақ ауылына қарасты «Рауан» тұрғын үй массивінің тұрғыны 102 жастағы кейуана Мариям Жұмашева да өз таңдауын жасады. Сайлау учаскесінің өкілдері кейуананың үйіне келді. Кейуананың бүгінде 13 немересі және 60 шөбересі бар. Ол учаске қызметкерлеріне ақ батасын берді.

- Балаларымыздың болашағы үшін өз таңдауымды жасадым. Ырыс-несібелерің мол болсын! Еліміз дами берсін! - деді Мариям Жұмашева.
Маңғыстаулық «Қара бура» Нұрдәулет Жарылғапов палуан бауырымен бірге референдумға қатысты. Нұрдаулет және Даурен Жарылғаповтар Бейнеу ауданы Ақжігіт ауылында өз таңдауларын жасады. Ағайындылар - биыл өткен «Маңғыстау Барысы» турнирінің бірінші және екінші орын иегерлері. Республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінде өңіріміздің намысын қорғайтын болады. Нұрдаулет Жарылғапов - «Қазақстан Барысы» турнирінің күміс және қола белбеу иегері, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы.
Дауыс берушілер арасында Париж паралимпиадасының қатысушысы Құралбек Сейдов те бар.
- Өз елінің нағыз патриоты мұндай маңызды шарадан шет қалмауы тиіс. Себебі, халық таңдауымен таразыланатын бұл сында еліміздің дамуы үшін артылар үміт көп, - дейді «Алға» мүгедектер спорт клубының жетекшісі Құралбек Сейдов.
Референдум ерекше сәттермен есте қалады

Ақтаудағы сайлау учаскелеріне Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Шәкәрім Құдайбергенұлы, Мұстафа Шоқай, Жалау Мыңбаев сынды ұлт қайраткерлері және төкпе жыр жүйрігі Сүгір жырау Бегендікұлының кейпіндегі өнер өлкесінің өкілдері бас сұқты. Дауыс берушілер «Алаш арыстарымен» суретке түсу мүмкіндігіне ие болып, өткен тарихқа ой жүгіртті.
Қ.Сыдықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасындағы сайлау учаскелерінің жанында азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Азық-түлік жәрмеңкесіне 5 кәсіпкер қатысты. Жәрмеңкеде нан, сүт өнімдері, жемістер, жаңа піскен көкөністер, кептірілген жемістер қойылды.
- Жәрмеңкеде сатылған кез келген тауардың құны нарықтағы бағадан төмен. Қала тұрғындары өз таңдауын жасап қана қоймай, жәрмеңкеден қажетті тауарларын сатып ала алады, - деді Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің маманы Заманбек Оңғарбаев.
Сондай-ақ референдум учаскелерінде М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының әншілері өнер көрсетті. Енді бір учаскенің алдында ойын алаңы ұйымдастырылды.