Бен Ладеннің отбасы Пәкістаннан Сауд Арабиясына аластатылды

АСТАНА. 28 сәуір. ҚазАқпарат - Пәкістанда қалған «нөмірі бірінші лаңкес» Усама бен Ладеннің отбасы жұма күніне қараған түнде Сауд Арабиясына шығарылды, деп хабарлады ресейлік «Жаңалықтар» агенттігі.

Бен Ладеннің отбасы Пәкістаннан Сауд Арабиясына аластатылды

БАҚ-тардың хабарлауынша, өткен жылы мамырда американдық арнаулы қызмет сарбаздары өлтірген «Әл-Каида» халықаралық лаңкестік желісінің бұрынғы басшысының отбасы мүшелері Сауд Арабиясына арнайы рейспен аттандырылды.

Бұдан бұрын жергілікті баспасөз Пәкістанда бен Ладеннің 12 туысы - үш жесірі (екеуі Сауд Арабиясынан, біреуі - Йеменнен), сегіз баласы  мен бір немересі қалды деп жазған болатын. Алайда Пәкістан ІІМ өкілі Усама бен Ладеннің 14 туысына елден шығаруға құжат әзірленгенін мәлімдеді.

АҚШ Нью-Йорк пен Вашингтондағы лаңкестік шабуылдарды ұйымдастыруға  кінәлі деп айыптаған бен Ладен 2011 жылғы 2 мамырға қараған түнде Пәкістанның шығысындағы Абботабад қаласы маңындағы үйде американдық арнаулы қызмет операциясы кезінде өлтірілген болатын. Вашингтонның хабарлауынша, бен Ладеннің денесі теңізге тасталған. Бұдан кейін оның отбасы Пәкістанда қалған болатын.

Биылғы жылдың басында оның туыстары 45 тәулікке түрмеге жабылып, Пәкістан аумағында заңсыз болғаны үшін үшін айыппұл салынған болатын. Алайда түрмеге қамалғанға дейін де қамауда болған күндер есепке алынып, олар үкім шығарылғаннан кейін екі аптадан соң бостандыққа шықты.

Пәкістандық тәліптер егер Усама бен Ладеннің жесірлері мен балаларын бостандыққа шығармаса үкімет өкілдеріне  шабуыл жасаймыз және жаппай лаңкестік ұйымдастырамыз деп бопсалады.