Бендер-Аббас портында Қазақстанның терминалын салудан үміттіміз - Елбасы

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат - Бендер-Аббас портында Қазақстанның терминалын салуға үміттенеміз. Бұл туралы бүгін Түркияның бизнес капитандарымен кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еуропа мен Азия арасындағы трансқұрлықтық мультимодалды тасымал белсенді дамуда. Еліміз арқылы 5 темір жолы және 6 халықаралық автомобиль жолы өтеді. Транскаспий мультимодалды тасымалды дамыту мақсатында біз кейінгі кездері өте көп жұмыс жасадық. «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Жібек жолы» бағдарламасы бірігіп, үлкен жұмыстар атқарылды», деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ұлан-ғайыр жерінде 4 жылдың ішінде 5 мың шақырым автомобиль жолы, 2,5 мың шақырым теміржол салынғанын атап өтті. Сонымен қатар Қытайдың Шығыс жағында, Тынық мұхиты шетіндегі Ляньяньган портында Қазақстанның терминалы салынғанын айтты.

«Сол порт арқылы Қытай, Қазақстан, Ресей арқылы Еуропаға өтіп жатқан контейнерлердің саны жыл сайын екі есеге өсіп отырады. Енді қазір біз Ақтау портын жаңарттық, оның мүмкіндігі кеңейді. Қазақстан-Әзербайжан-Грузия-Түркия-Карс-Карцахи жолын пайдалантын болсақ, жаңадан мүмкіндіктер пайда болады. Осы жолдың жоқтығынан біз Қара теңіз, Ресей арқылы келіп отыратынбыз. Ол қиын еді. Қазір тікелей жолмен шығуға мүмкіншілік бар, пайдалануымыз керек», - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Түрікменстан, Иран арқылы Парсы шығанағына да шыққанын айтты.

«Бендер-Аббас портында Қазақстанның терминалын салудан үміттіміз. Сонымен Каспий порттарының жалпы жылдық өткізу қабілеті 25 млн тоннаға жетті. Олар Қытайды, Азияның басқа мемлекеттерін Жерорта теңізі арқылы Түркиямен байланыстыратын болады. Бұл мүмкіншіліктерді Түркия компанияларының қолдануына біз әр уақытта да мүдделіміз. Оған барлық жағдай жасаймыз», - деді Елбасы.

Айта кетейік, Қазақстан Президентімен кездесуге Түркия экономикасының 15 пайызын құрайтын 25 компанияның басшылары қатысты. Аталған компаниялар ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, геология және тау-кен өндіру өнеркәсібі, химия өнеркәсібі, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, денсаулық сақтау және фармацевтика салаларында жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар
telegram