Бенин билігі мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінің жолын кесті

АСТАНА. KAZINFORM — Бенин Республикасының Ішкі істер министрі Алассана Сейду билік тарапынан мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінің жолы кесілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды BBC.

Бенин билігі мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінің жолын кесті
Фото: aa.com.tr

— Әскерилердің шағын тобы ел мен оның мемлекеттік институттарын тұрақсыздандыру мақсатында бүлік шығарды. Алайда бұл жағдайда Бениннің қарулы күштері мен олардың басшылығы ахуалды бақылауда ұстап, төңкеріс жасау әрекетін тоқтатты, — деді Сейду тікелей эфирде.

Басылымның мәліметінше, бұған дейін Талонның айналасы да президенттің қауіпсіз жерде екенін және әскердің жағдайды қайта бақылауға алып жатқанын хабарлаған.

— Бұл тек телевидениені ғана бақылауда ұстап отырған шағын топ. Тұрақты армия бақылауды қайта қалпына келтіріп жатыр. Қала мен ел толық қауіпсіздікте, — деп мәлімдеді оның кеңсесі AFP агенттігіне.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Бенинде бүлік жасау әрекетін басқарған подполковник Паскаль Тигри қазір қашып жүр, оны іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірнеше адам ұсталған, алайда олардың нақты саны белгісіз.

Әскери және күштік құрылымдардағы дереккөздер AFP агенттігіне төңкеріс жасау әрекетіне байланысты шамамен 10 әскери қызметкердің тұтқындалғанын хабарлады.

Бүгін бұқаралық ақпарат құралдары әскери күштердің Бенинде билікті басып алып, президент Патрис Талонды қызметінен шеттеткені туралы хабар таратқан болатын. Мемлекеттік телерадиокорпорацияның тікелей эфирі кезінде әскерилер барлық мемлекеттік билік органдарының таратылғанын жариялаған.