Беньямин Нетаньяху БҰҰ Бас ассамблеясында Иранға шүйлікті
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху егер еліне шабуыл жасалса, Иранға «қатаң жауап қайтарамыз» деп қорқытты, деп жазады DW.
— Тегерандағы тирандарға айтар сөзім бар: егер сіз бізге шабуыл жасасаңыз, біз де сізге шабуыл жасаймыз. Иранда Израильдің ұзын қолы жетпейтін жер жоқ және бұл бүкіл Таяу Шығысқа қатысты, — деді Израиль үкіметінің басшысы жұма күні Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде.
Нетаньяху сондай-ақ, ел ішіндегі азаматтардың қысымын және Тегеранның сыртқы агрессиясын елемеу арқылы Иранды тыныштандыруға тырысып жатқан халықаралық қауымдастықты сынады.
Израиль премьер-министрі сонымен қатар Халықаралық қылмыстық соттың бас прокуроры Кәрім Ханды «таза антисемитизм» үшін айыптады, ол Нетаньяхуды тұтқындауға ордер сұрап, оның Газа секторындағы соғыс қылмыстары үшін жауапты екенін алға тартқан.
Нетаньяху өз сөзінде әлемдік ұйымның Израильге деген әділетсіз көзқарасын айыптап, БҰҰ-ның «менмендік фарсқа» айналғанын айтты.
— Израильдің еврей мемлекетіне басқа елдермен бірдей қарым-қатынас жасалмайынша, антисемиттіктен арылғанша, БҰҰ әділ ойлайтын адамдар үшін «менмендік фарс» саналады, — деді Израиль премьер-министрі.
Оның айтуынша, Израиль «Хезболланы жоюды жалғастырады».
Беньямин Нетаньяху Израильдің «израильдіктерді Ливанмен шекарадағы үйіне қайтару үшін Хезболланы жоюға толық құқығы бар» деп атап өтті.
Израиль бір жыл бойы "кісі төзгісіз жағдайға шыдап келе жатқанын» айтты.
Нетаньяху мінберге көтерілген кезде бірқатар елден келген делегаттар залдан шығып кетті.