Беньямин Нетаньяху қазанда өтетін сайлаудан кейін кең коалиция құрмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяху биыл қазан айында өтетін парламент сайлауынан кейін кең ауқымды ұлттық коалициялық үкімет құруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады.
Қазіргі уақытта Нетаньяху әсіреоңшыл және ультраортодоксалды партиялардан құралған коалициялық үкіметті басқарады. Израиль бұқаралық ақпарат құралдары жариялаған соңғы сауалнамаларға сәйкес, қазіргі коалиция құрамындағы партиялар 120 орындық парламентте 53 мандаттан артық жинай алмайды. Бұл бұрынғы құрамда үкімет жасақтауға жеткіліксіз.
«Кең коалициялық үкімет араб партияларына тәуелді болатын солшыл үкіметтен әлдеқайда тиімді», – деді Беньямин Нетаньяху.
Сауалнама нәтижелері бойынша негізгі оппозициялық күштер үкіметті тек араб партияларымен бірлесіп қана құра алады. Алайда кейбір оппозициялық партиялар араб партиялары Израильді еврей мемлекеті ретінде мойындамайтынын айтып, мұндай әріптестіктен бас тартып отыр.
Нетаньяху жаңа коалицияға кез келген партия қосыла алатынын мәлімдеді.
«Мұндай коалицияға қосылудың басты шарты – Палестина мемлекетін құруға жол бермеу», – деді Израиль премьер-министрі.
Айта кетейік, бұған дейін Еуропаның бірқатар елі Израильге қарсы жаңа санкциялар әзірлеп жатқаны хабарланды.