Бензин бағасы өседі деген ақпарат берген жоқпын - Серік Жұманғарин
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бензиннің азық-түлік бағасына әсері туралы пікір білдірді.
«Бензин бағасы өседі деген ақпарат берген жоқпын. Жалпы, өзімнің жұмыс тәжірибеме сүйене отырып айтарым, бензин азық-түлікке көп әсер етпейді. Себебі азық-түлікті тасымалдауға негізінен дизель отыны ықпал етеді, яғни дизельдің бағасы өссе, бұл өз кезегінде әсерін тигізеді. Бірақ дизель отынының әсері де соншалықты көп емес», - деді С. Жұманғарин Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров елміздің 2025 – 2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды.
Палата отырысында «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңы талқыланып жатыр.