Бензин бағасы қашан тұрақтанатыны белгілі болды
Бозымбаевтың айтуына қарағанда, ішкі нарықтағы АИ-92 бензині мен дизель отынына қатысты ахуалға Павлодар мұнай-химия зауытының 26 қазанға дейін ағымдық жөндеу жұмыстарына тоқтатылуы себеп болуда. Бастапқыда бұл зауыттағы жөндеу жұмыстары шілде айында басталуы керек болатын. Алайда сол кезде зауыт жөндеу жмұыстарына дайын болмай, мерзімін өзгертуге тура келген.
«Шымкент мұнай өңдеу зауытында қолға алынған шаралардың арқасында біз қазанда 280 мың тоннаның орнына 490 мың тонна мұнай өңдеп, жоспардан тыс 40 мың тонна бензинмен және 5 мың тонна дизель отынымен қамтамасыз еттік», - деді министр.
Оның дерегінше, қазан айындағы республика бойынша АИ-92 бензинінің орташа тұтыну көлемі 290 мың тонна болмақ. Оның 170 мың тоннасы елімізде өндірілсе, 120 мың тоннасы импортталады.
«Барлық МӨЗ-дердің толыққанды жұмыс істеуі есебінен АИ-92 бензині бойынша импорт үлесін қарашада 30, ал желтоқсанда 20 пайызға төмендетуді жоспарлаудамыз. Қараша мен желтоқсанда ахуал тұрақты болады деп есептейміз. Ал қазан айының соңында өз арнасына түседі. Ал жанармай құю бекеттерінде дизель отыны қаңтардан бері 13 пайызға өсті. Шекарада да көтерме бағасы 6 пайызға қымбаттады», - деді министр.
Қанат Бозымбаевтың атап өтуінше, мұнай өңдеу зауыттарының қуаты жаңғыртылғаннан кейін АИ-92 бензинін өндіру 2,2 есеге, АИ-95 пен 98 бензиндері 9 және 6 есеге, дизель отыны 30 пайызға, авиаотын 3 есеге артатын болады.
«Алғашқы нәтижелерін осы жылдың желтоқсаны мен келесі жылдың қаңтар айында күтеміз», - деді ол