«Бензин бағасы көтеріле ме?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 22 шілде, сейсенбі күнгі республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Бензин бағасы көтеріле ме?» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Астана қаласында ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиялардың 22-24 шілде аралығындағы бірінші жалпы кеңесіне ЮНЕСКО-ға мүше 130-ға жуық мемлекеттен 170-ке тарта өкілдер қатысады деп күтілуде. Ел астанасында алғаш рет өткізілгелі жатқан бұл басқосу ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің Ұлттық комиссияларының жаңаша сипаттағы жұмыс үлгісі болып табылады. Шара қарсаңында Мәдениет министрі, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Арыстанбек Мұхамедиұлы халықаралық ұйымның бүгінгі таңдағы жұмыстары туралы ойларымен бөлісті. «Осы форумның мүмкіндігін пайдалана отырып, Қазақстанның көптеген ежелгі тарихи ескерткіштерін ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін ары қарай табысты жұмыс жасауға міндеттіміз. Сөз етіп отырған шара өткеннен кейін Қазақстанға мәдени туризм жағынан қызығушылық арта түсері заңды. Бізге ең бастысы - кеңесті Қазақстан мүддесіне пайдалана білу. Мемлекет басшысы әрдайым еліміздегі туризмді дамыту мәселесіне барынша көңіл аударып отырады. Міне, бұл саланы дамытуға септігін тигізетін мүмкіндіктің бірі осы. Қаншама мемлекеттің Ұлттық комиссияларының мүшелері Қазақстанның рухани қандай бай ел екенін өз көздерімен көргеннен кейін ол елдермен арадағы қарым-қатынаста көптеген жаңалықтар боларына сенемін. Біз өз жетістігімізді тек Қазақстан шеңберінде ғана шектеп қалуға тиісті емеспіз. Оны дүние жүзіне паш етуіміз керек. Бүгінгі таңда туризм, экономикалық және әлеуметтік интеграцияның дамуымен «Жібек Жолы» өзінше өзектілікке ие болып отырғаны сөзсіз. Біздер бұл тарихи іс-шара БҰҰ Бас хатшылығы және ЮНЕСКО-мен жарияланған Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы (2013-2022 жж.) қарсаңында өткізіліп жатқандығын символдық сипатқа ие екендігімен байланыстырамыз»,-деді ҚР Мәдениет министрі. Бұл сұхбат «Юнеско Қазақстанды не үшін таңдады?» деген тақырыппен жарияланды.

***

«Айқын» газетінде «Прокуратура: Іс нәтижелі, мақсат көп» деген көлемді мақала берілген. Еліміздің Бас прокуратурасының қызметкерлері биылғы өткен алты айда атқарылған істерді жан-жақты зерделеп, елімізде қылмыс атаулыны болдырмаудың жолдарын қарастырды. Бас прокуратура жүргізген заң шығарушылық жұмыстың басты нәтижелерінің бірі - жаңа Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің қабылдануы болды. Прокурорлардың іске араласуы жағдайында әлеуметтік-экономикалық салада 269 мыңнан астам заң бұзушылықтың жолы кесіліп, 12 700 заңсыз құқықтық актінің күші жойылған. Сондай-ақ, осы уақыт аралығында 35 мыңнан астам адам әртүрлі жауапкершілікке тартылып, 300 қылмыстық іс қозғалыпты. Сөйтіп, 390 мыңнан астам тұрғынның бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, 122 мыңнан астам кәмелетке толмаған жеткіншектердің құқы қорғалды. Прокуратура қызметкерлерінің белсенділігі нәтижесінде, 2010 жылдан бері жұмыс берушілердің қарыз көлемі 4,6 миллиард теңгеден 623 миллион теңгеге дейін, яғни 7 есеге азайды. Осы жылдың басынан бері 40 проблемалық кәсіпорынның 668 млн теңге көлеміндегі қарызы толық өтелді.

Осы басылымда «Бензин бағасы көтеріле ме?» деген материал жарияланды. «1 тамыздан бастап елімізде АИ-92, АИ-80 және дизель отыны бағалары орта есеппен 30 теңгеге қымбаттауы мүмкін» деген мәлімет қолымызға тиді. Бұл хабарды құрамында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі, Мұнай және газ министрлігі кіретін үкіметтік ведомствоаралық комиссия растап отыр. Осылайша, 92 маркалы бензин бағасы 145 теңге, дизель бағасы 130 теңге, 80 маркалы бензин бағасы 122 теңге болуы мүмкін»,-деп жазады басылым. Мұндай хабар жанар-жағармай сатумен айналысатын компанияларды қуантатыны сөзсіз. Көкшетау қаласындағы «Северная» автомай құю бекеті қазірдің өзінде АИ-92 маркалы жанармайды 125 теңгеден сатып жатқаны тіркелді. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі шілдеде жанар-жағармай бағасы өзгеріссіз қалатынын хабарлаған. Тамызда баға басқа болайын деп тұр. Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин маусым айының ортасында Қазақстанда мұнай өнімдеріне қатысты қиын жағдай туындап отырмағанын, мұнай өнімдерінің қоры 200 мың тоннадан асатынын айтқан. Алайда, министрдің сөзіне қарағанда, Үкіметте 2014 жылдың ІІ жартыжылдығындағы жанармай бағасы көтерілуі талқыланған. Ұ.Қарабалин жағдайдың екі нұсқасы - қолданыстағы бағаларды қалдыру немесе оларды қымбаттату да талқыланып жатқанын атап өтті.

***

«Ана тілі» басылымының жазуынша, ұлттың ұлт болып ұйысуы көп жағдайда оның тілі мен ділінің, салт-дәстүрінің бекемдігіне байланысты. Ал осы аталған құндылықтарды қалыптастырып, негіздеуші рухани бастаулар отбасылық тәрбиеде жатқандығы сөзсіз. «Бұл отбасылық тәрбиенің адам өміріне әсер ететін тікелей ықпалын көрсетсе керек, өйткені отбасы мүшелері қай тілде сөйлеп, қай тілге көбірек басымдық берсе, жас ұрпақтың тілі де, дүниетанымы да солай қарай қалыптасып, дамымақ. Мұны ерекше айтып отырған себебіміз, осындай құндылықтардың қалыптасуына себепші болатын отбасындағы ата мен әже тәрбиесінің орны ерекше. Тәрбие деген ауқымды ұғым болғандықтан оның барлық саласын бір мақала аясында қамтып өту мүмкін емес шығар. Біз бұл орайда өз немерелерімен, шөберелерімен қасиетті ана тілінде емес, орыс тілінде сөйлесетін қазақтың ата, әжелері туралы айтқымыз келіп отыр. Неге? Өйткені күнделікті өмірден көріп жүргеніміздей, немересіне «внучок», «внук» деп, қазақша біле тұра, өзге тілді қолданып, сол тіл арқылы сөйлесіп жүрген аталарымыз бен әжелеріміз аз емес. Бұл жайт, әсіресе, қалалық жерде көп орын алып отырғаны байқалады»,-деп жазады газет «Ана тілінен айныған ата-әжеден не қайыр?!» атты мақаласында.

***

«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында « Пранге без ранга » атты материал басылды. Көкшетауда ТЖМ институтының полковнигі Вадим Пранге автокөлікті басқару жүргізушілік куәлігінен айырылды. Енді алдағы үш жылда ол қызметтік көлікпен немесе таксимен ғана жүре алады. 29 маусым күні түнде Көкшетауда жол полициясының инспекторы жоғары жылдамдықпен жүріп келе жатқан «Мерседес» көлігін байқап, оны тоқтатуға талпынған. Алайда, автокөлік жүргізушісі оның белгісін еш елеместен, ары қарай зулай берген. Кейін полицейлер аталған көліктің соңына түсіп, оны тоқтатып алады. Белгілі болғандай, «Мерседестің» тізгінінде Көкшетау техникалық институты басшысының орынбасары Вадим Пранге отырған.