Бензин бағасының өсуін қазақстандықтардың 10,2 пайызы ғана Кедендік одақпен байланыстырады

АЛМАТЫ. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ҚР Статистика агенттігінің мәліметіне қарағанда 8 айда бензин бағасы Қазақстанда 21 пайызға қымбаттаған. Бүгін Алматыда Саяси шешімдер институты осыған байланысты жүргізілген әлеуметтік зерттеу жұмысының қорытындысын жариялады.
None
None

Онда респонденттердің 21,4 пайызы бағаның қымбаттауына Мұнай және газ министрлігі мен Монополияға қарсы комитет кінәлі деген. Олардың пайымдауынша, мемлекеттік реттеушілердің қызметі тиімсіз болуда. Ел тұрғындарының 20,3 пайызы болса бензин бағасының өсуіне "мұнай өнімдерін өндірушілер мен тасымалдаушылардың өзара ауыз жаласуы" түрткі болып отыр деген. Жанар-жағар май бағасының шарықтауын қазақстандықтардың 15,3 пайызы мұнай өңдеу саласын дамыту саясатының жан-жақты ойластырылмауы кінәлі деп санайды. Сауалнамаға қатысқандардың 11,7 пайызы бұл жиын-терін кезінде жыл сайын қайталанатын үйреншікті мәселе десе, 10,2 пайыз оған Кеден одағы әсер етуде деген пікірде. Ал 9,3 пайызы еліміздің мұнай өңдеу қуатының төмендігі мен нарықтың жоғары октанды бензин импортына деген тәуелділігі бензин бағасының тұрақсыздығын қалыптастырып отыр дегенді айтуда.

Мемлекеттік реттеушілер қызметінің тиімділігіне республиканың өзге өңірлеріне қарағанда батыс қазақстандықтар көбірек күмәнданады. Бұл елдегі орташа көрсеткештен 1, 3 есе жоғары болып отыр. Ал оңтүстік қазақстандықтар (23,9 пайыз) өндірушілер мен тасымалдаушылардың ауыз жаласуын, астаналықтар саланы дамытудағы саясаттың дұрыс ойластырылмауын (32,8 пайыз) бензин бағасының өсуінің басты себебі деп отыр.

Соңғы жаңалықтар