Бензин, дизель әлде электр: Қазақстанда қай көлік түрі көп

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстанда 170 141 автокөлік құралы есепке қойылды, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі.

Бензин, дизель әлде электр: Қазақстанда қай көлік түрі көп
Фото: Kazinform/ЖИ

Ай ішінде тіркелген көліктердің құрылымында жеңіл автомобильдер — 87,9%, жүк автомобильдері — 6,1%, тіркемелер — 2,7%, автобустар — 0,8%, мотоциклдер — 0,6% және басқа да автокөлік құралдары 1,9% құрады.

Пайдаланылатын отын түрі бойынша:

  • бензинмен жүретін — 133 956 көлік құралы (жалпы санның 78,7%-ы);
  • дизель отынымен жүретін — 11 703 көлік құралы (6,9%);
  • газбаллонды отынмен жүретін — 752 көлік құралы (0,5%);
  • аралас отын түрімен жүретін — 14 347 көлік құралы (8,4%);
  • электр қуатымен жүретін — 3 304 көлік құралы (1,9%);
  • отын түрі көрсетілмеген — 6 079 көлік құралы (3,6%).

— 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елімізде тіркелген автокөлік құралдарының жалпы саны 6 114,6 мыңға жетті. Тіркелген автопарктің құрылымында жеңіл автомобильдер басым болды. Олардың саны 5 126,8 мыңды (83,9%) құрады. Жүк автомобильдерінің саны 497,7 мыңға (8,1%), тіркемелер 264,7 мыңға (4,3%), автобустар мен шағын автобустар 89,5 мыңға (1,5%), мотоциклдер 75,3 мыңға (1,2%), басқа да автокөлік құралдары 60,7 мыңға (1,0%) жуықтады, — делінген хабарламада.

Тіркелген автокөлік құралдарының ең көп саны Алматы қаласында (744,8 мың) және Алматы облысында (652,4 мың) байқалды.

Бұған дейін көлік және қойма саласындағы көрсеткіш қай өңірлерде төмен екені белгілі болды.