«Бензин қымбаттай ма?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 19 қыркүйек, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
**
Алдағы қазан айында халықаралық Бас ұйым БҰҰ құрылғанына 70 жыл толады. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Біріккен Ұлттар Ұйымы және Қазақстан» деген тақырыппен мақала басылды. «Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1992 жылдың 2 наурызы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдануымен ерекшеленеді. Еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Ұйымның жаңа мүшесі ретінде ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде мүше болды. Ал БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның халықаралық саясаты туралы айта келіп, екі маңызды ұсынысты атап өтті. Оның біріншісі барлық елдер үкіметтерінің ізгі ниет білдіру тәртібімен «бір+бір» формуласы бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігерінің қорын құруды бастау. Бұл формула әрбір мемлекет оған өзінің қорғаныс бюджетінің бір пайызын бөліп, жыл сайын оны бір пайызға ұлғайтып отыруды көздейді. Осылай еткенде он жылдан соң бітімгершілік сомасы он есеге өседі. Екінші ұсынысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) шақыру. Мемлекет басшысының бұл бастамасы көпшілік елдер тарапынан, сондай-ақ, БҰҰ-дан қолдау тапты және Қазақстанның сыртқы саясатын айқындауда айтарлықтай рөл атқарды», - деп жазады мақала авторы.
Электр энергиясы мәселесі маңындағы жөндеу жұмыстары бойынша «КЕГОК» АҚ бекітілген кестесіне орай биыл 9 энергоблок, 59 қазандық пен 47 турбина күрделі жөндеу жұмыстарынан өтуі тиіс болатын. Осыған орай ретінше қазіргі таңда бұл жұмыс 70 пайыз орындалды. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Жылу беру маусымына дайындық ойдағыдай» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Басылымның жазуынша, Бұл жөнінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен болған басқосуда Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық қадағалау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов мәлім етті. Бұл ретте еліміздің электр стансаларында 5 блогқа, 38 қазандыққа және 26 турбинаға жөндеу жүргізілген. Оның айтуынша, жұмыстардың қалған 30 пайызы, яғни жөндеу жұмыстары 3 блогта, 18 қазандық пен 16 турбинада уақытымен кесте бойынша жүргізіліп келеді. Ал отынмен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталған ол бүгінгі күні электр стансаларының отын қоймаларына 3,4 млн. тонна көмір және 112 мың тонна мазут жиналғандығын жеткізді. «Бұл көрсеткіш осы 2015-2016 жылғы жылу беру маусымын бастауға толықтай жетеді», - деді ол.
***
«Қазақстанда ішкі істер органдары жүйесіндегі кең ауқымды реформа басталып кетті. Оның нәтижесінде ел тарихында бұрын-соңды болмаған құрылым «жергілікті полиция қызметі» өмірге жолдама алады. Бұларды «Голливудтың» киноларынан жақсы таныс шерифтермен салыстыруға болады», - деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Жергілікті полиция кімнің құзырына қарайды?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, тиісті құжатты «Кейбір заңнамалық актілерге жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын осы аптада Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Енді палатада жобаны екінші оқылымға әзірлеу аясындағы талқылау жүруде. Мәжіліс депутаттарының сұрақтарына Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың өзі жауап берген. Жаңа заң жобасына сәйкес, жергілікті полиция қызметінің бастығы мен орынбасары құзырына әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау және әкімшілік айыппұлдар салу да кіретін болады. Жергілікті полиция қызметкерлерінің барлығы, Ішкі істер министрлігінің басқа да бөлімшелерінің қызметкерлерімен тең әрі бірдей құқықтық мәртебеге ие болады, қызметті өтеу шарттары да, әлеуметтік, құқықтық кепілдіктері де бәріне ортақ.
Осы басылымның жазуынша, Атырауда өткен кеңес барысында Елбасы Н.Назарбаев қазақстандық мұнай өңдеуші зауыттар жөндеуден өткізілгеннен кейін, бензин тапшылығы болмайтынын айтты. «Бүгінде еліміздегі мұнайды қайта өңдеу шегі 68 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш Ресейде 72 пайыз, АҚШ-та 95 пайызды көрсетуде. Қазіргі уақытта Атырау мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Одан басқа да зауыттар қайта жаңғыртылуда. Олардың жаңартылуына қажетті қаржы-қаражат бөлінді. Зауыттар дайын болған кезде бензинге тапшылық болмайды», деді Мемлекет басшысы. «Айқын» газетінің жазуынша, бүгінде өзіміздегі үш мұнай зауытындағы АИ92/93 бензинін өндіру көлемі 2,1 млн тоннаны құрап отыр. Ал тұтыну деңгейі 3,2 млн тонна. Бензин жетіспеушілігі 1,1 млн тонна. Сондықтан жеткіліксіз бензиннің көп бөлігі Ресейден жеткізілуде. Біздегі кемшілік те осында, зауыттарымыз жеткіліксіз болғандықтан, Ресейде жағдай қалай құбылса, біз де соның ырқына жығыламыз. Көрші елден бензин әкелетін трейдерлер сол жақтың шарты бойынша келісімшарт жасасады. Сол себепті, біздегі бензин бағасының ұшуы Ресейдегі нарықтық жағдайға тікелей байланысты. Мақала «Бензин қымбаттай ма?» деген тақырыппен берілген.