Бензин мен дизель бағасы қалай қалыптасады - министрлік жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрлігінің мамандары елімізде жанар-жағармай бағасы қалай қалыптасатынын түсіндірді. 

Бензин мен дизель бағасы 2026 жылдың тамызына дейін ай сайын 4 теңгеден қымбаттап отыруы мүмкін
Фото: pixabay.com

Ведомство Қазақстанның жанармай нарығындағы бензин мен дизель құнын бағаның «табыс теңсіздігі» (диспартитет) ретінде бағалап отыр. Министрліктің бензин мен дизель бағасының қалыптасуы туралы анықтамасында мұндай теңсіздік 2024 жылы «сұр экспорттың» көлемін арттырғаны айтылған. 

— Жанар-жағармайдың заңсыз сыртқа шығарылуына қарсы қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бензин мен дизель отынының қоры 1,007 млн тоннадан 646 мың тоннаға дейін, ай сайын 10 мыңнан 50 мың тоннаға дейін азайып кеткен. Оның ішінде бензин қоры 453 мың тоннадан 382 мың тоннаға дейін (-16%), дизель қоры 554 мың тоннадан 264 мың тоннаға дейін (52%) азайды, — делінген анықтамада.

2025 жылдың қаңтарынан бастап жанар-жағармайдың бөлшек және көтерме бағасына қойылып жүрген шекті алып тастау туралы шешім қабылданды.

- Жанар-жағармай материалдарына одан әрі баға белгілеу халықтың әлеуметтік осал топтарына басымдықпен қолдау көрсете отырып, нарықтық жағдайға және көршілес елдердегі орташа бағаларға байланысты теңгерілген тетік бойынша қалыптастырылатын болады, - дейді министрліктен.

Бұл ретте бағаны ырықтандыру мұнай өндіруді дамыту және мұнай өңдеу зауыттарын жылына 18-ден 28 миллион тоннаға дейін кеңейту жобаларын іске асыруға мүмкіндік береді, яғни жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасалады.

Бұған дейін елімізде бензин мен дизель бағасын мемлекет реттемеуі мүмкін екені туралы мәлімет шыққан еді.

Соңғы жаңалықтар