Бензин мен дизель отынының акцизін есептеу тәртібі нақтыланды

АСТАНА. KAZINFORM — Үкіметтің 2026 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен бензинге (авиациялық бензинді қоспағанда), дизель отынына, газохолға, бензанолға, мұнай еріткішіне, жеңіл көмірсутектер қоспасы мен экологиялық отынға салынатын акциз мөлшерлемелеріне өзгерістер енгізілді.

Бензин мен дизель отынының акцизін есептеу тәртібі нақтыланды
Фото: Pexels

Атап айтқанда, бензин мен дизель отыны белгіленген шекті бағадан қымбат сатылған кезде акцизді есептеу тәртібі нақтыланды.

Бензин, газохол, бензанол, мұнай еріткіші, жеңіл көмірсутектер қоспасы мен экологиялық отын көтерме саудада сатылғанда, импортталған кезде және алыс-беріс шикізатынан өндірілген өнім берілгенде базалық мөлшерлеме тоннасына 38 134 теңге болып қалады.
Егер өнімнің бір тоннасының бағасы 214 584 теңгеден асса, базалық мөлшерлемеге ҚҚС ескерілген орташа өлшенген көтерме бағаның белгіленген шекті бағадан асқан бөлігінің 50%-ы қосылады.

Өндірушілер отынды бөлшек саудада сатқанда немесе өз өндірістік қажетіне пайдаланғанда базалық мөлшерлеме тоннасына 38 634 теңге болады.

Дизель отынының шекті бағасы тоннасына 284 350 теңге болып белгіленген. Оны көтерме саудада сатқанда, импорттағанда және алыс-беріс шикізатынан өндірілген өнімді бергенде базалық мөлшерлеме тоннасына 35 726 теңге болады. Ал өндірушілер дизель отынын бөлшек саудада сатқанда немесе өз өндірістік қажетіне пайдаланғанда базалық мөлшерлеме тоннасына 35 786 теңге болады.

Осылайша, жаңа тәртіп базалық мөлшерлемелерді көтермейді. Өзгеріс отын бағасы белгіленген шектен асқан кезде акцизді есептеу тетігін нақтылайды.

Қаулы 2026 жылғы 31 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді. Оның күші 2026 жылғы 17 шілдеден бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

Айта кетейік, 31 тамыздағы жағдай бойынша Астанада АИ-92 бензинінің литрі 247 теңге, ал дизель отыны 335–337 теңге аралығында болды.