Бензин саласындағы қарбалас артта қалды - Энергетика министрлігі
«Шыны керек, шілдеден бастап бензин қоры азая бастады. Дегенмен, импорттың арқасында жағдайдың жақсарғанын байқап отырмыз. Мәселен, соңғы бір аптаның ішінде АИ-92 маркалы бензиннің қоры 120-128 мың тоннадан 134 мың тоннаға өсті. Бұл дегеніміз, барлық мұнай базаларында бензиннің қоры 5 пайызға артты», - деді Мағауов бүгінгі брифингте.
Оның айтуынша, Қазақстандағы бензиннің 30 пайызы сырттан тасымалданады. Аталған отынның дені - Ресейдің мұнай өнімдері.
«Маусымда көрші мемлекеттен 42 мың тонна өнім импортталды. Шілде мен тамызда - 60 мың тонна, ал осы айдың он күнінде шамамен 50 мың тонна жеткізілді. Барлығы 100 мыңдай тонна импортталады. Қазіргі кезде ірі жанар-жағармай құю стансалары қажетті бензиннің көлемін рәсімдеп алды. Негізі, бензин саласындағы қарбаласты еңсердік деуге болады», - деп атап көрсетті вице-министр.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев бензин тапшылығына қатысты түсінік берді.