Бензинді толықтай өзіміз өндіргенде баға қалай өзгереді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мұнай өңдеу зауыттарын жөндеу кестесі өзгертілді. Соның арқасында мұнай өңдеу көлемі артады деген болжам бар, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Павлодар мен Атыраудағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңартқаннан кейін ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету деңгейі көтерілді. Мәселен, бензиннің 83 процентін, дизельді отынның 95 процентін, ал авиакерасиннің 58 процентін өзіміз өндіретін болдық. "Биыл Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңарту жұмыстары аяқталады. Осылайша, мұнай өңдеудің жалпы көлемі 16 млн тоннаға жететін болады. Сосын мұнай өңдеу зауыттарын жыл сайын жөндеу уақытын 45 күннен 20 күнге дейін қысқарту туралы шешім қабылданды. Енді, 45 күндік жөндеу жұмыстары үш жылда бір рет қана жасалады. Қалған уақытта 20 күндік жөндеу жүргізіледі. Бұның барлығы жөндеу жұмыстарын басқарудың автоматты жүйесі аясында атқарылады. Аталған жүйені біз ағымдағы жылда енгізетін боламыз. Ал жөндеу мерзімі қысқарғаннан кейін мұнай өңдеу көлемі артады. Сөйтіп, әрбір зауытта дайын мұнай өнімдері шамамен 300 мың тоннаға көбейеді. Алдағы уақытта біз ішкі нарықты толығымен отандық жанар-жағар маймен қамтамасыз ете аламыз", - деді Қ.Бозымбаев бүгін қоғамдық кеңестің отырысында.
Министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстан ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етсе де, көрші елдердің фискалды саясатын ескере отырып, баға тепе-теңдігін сақтауға тура келеді. Себебі бәріміз Еуразиялық экономикалық одақтың құрамына кіреміз. Ал ішкі нарықта профицит туындаса, артық бензин экспортқа шығарылады.
Айта кетейік, бүгінгі кеңесте Қ.Бозымбаев мұнай өндіру көлеміне қатысты болжам жасады. Оның айтуынша, Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 104 млн тоннаға жететін болады.