Бердібек Сапарбаев Алматыда оқып жатқан шығысқазақстандық студенттермен кездесті

АЛМАТЫ. 29 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы делегациямен келіп, Алматыдағы шығысқазақстандық студенттермен кездесті.

Бердібек Сапарбаев   Алматыда оқып жатқан шығысқазақстандық студенттермен кездесті

Кездесуге келген қонақтар қатарында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов және Шерияздан Елеукенов, Бибігүл Төлегенова, Бауыржан Жақып, Майра Ілиясова, Толқын Забирова сияқты бүгінде елімізге кеңінен танымал шығыс өңірінің тумалары болды.

«Әкім өзі бастама танытып жастарға келуі - маңызы зор, үлкен іс. Бұл сапардың басты мақсаты «Дипломмен - ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтуге арналып отыр. Менің білуімше, Алматының жоғары оқу орындарында Шығыс Қазақстан облысынан келген 4 мыңнан аса студент маманданып жатса, бүгінгі кездесуге солардың арасындағы ең үздік 400-і ғана қатысып отыр», - деді Б. Тұрсынұлы.

«Жастар - біздің болашағымыз. Бұл келуім сіздердің іздеушілеріңіз бар екенін, сонымен бірге студенттерге артар сенімнің зор екендігін айқындайды. Арнайы кездесе отырып, жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін «Дипломмен - ауылға» бағдарламасына үн қосыңыздар деген тілек айтамын. Шығыс өңіріне мықты маман болып оралып, туған елдеріңіздің, туған жерлеріңіздің дамуына үлес қосыңыздар деген ұсынысымды жеткізе келдім», - дейді Б.Сапарбаев. Облыс әкімі сондай-ақ, Алматыдағы жоғары оқу орындарында оқып жатқан студенттерге орташа көлемдегі шәкіртақы тағайындап, ең үздік 20 студентті арнайы грамоталармен және сыйақымен марапаттады.