Бердібек Сапарбаев азық-түлік бағасын тұрақтандыруды тапсырды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласы мен аудан әкімдерімен бейнеселекторлық байланыс форматында кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің сайтына сілтеме жасап.

Бердібек Сапарбаев азық-түлік бағасын тұрақтандыруды тапсырды

Жергілікті әкімдік басшылары өз аумақтарындағы жағдайлар туралы баяндады. Бүгінгі таңда барлық аудандар мен Тараз қалалары бойынша блокпосттар жұмыс істеуде. Елді мекендерде ғимараттарды, көп пәтерлі үйлердің кіреберістерін, көшелерді, қоғамдық пайдалану орындарын дезинфекциялау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Жергілікті билік әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру бойынша тиісті шаралар қабылдап, әлеуметтік мәселелерді шешуде.

«Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек. Қалыптасқан жағдай бізден нақты әрекеттерді, туындаған мәселелерге жедел жауап қатуды талап етіп отыр. Бүгінде азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету керек. Бұл аса маңызды. Ол үшін Алматы, Түркістан, Қызылорда облыстарының тасымалдаушуларымен байланыс орнату, жергілікті тұрақтандыру қорының мүмкіндіктерін пайдалану қажет», - деп атап өтті облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев аудандар мен Тараз қаласының әкімдерін тұрғындарға барынша қамқорлық көрсетуге, олардың сұраныстары мен ұсыныстарына мұқият назар аударуға шақырды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы қажет болған жағдайда, зейнетақы мен жәрдемақыны алушылардың тұрғылықты жері бойынша жеткізіп беруді қамтамасыз ету керектігін алға тартты. Бұл мақсатқа еріктілерді белсенді түрде тарту қажеттігі айтылды.

Қоғамдық орындарды дезинфекциялау жұмыстарын жалғастыру керек. Бұл ретте карантиннен кейінгі кезеңде атқарылатын жұмыстардың негізін қазірден түзіп, құрылыс нысандарын, кадрлармен және материалдармен қамту барысын анықтап қою қажет. Жыл соңына дейін ауқымды құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыру міндеті тұр десек, бұл орайда бюджеттен бөлінген қомақты қаражатты толығымен игеру маңыздылығына көңіл бөлінді.

Қажы МҰРАТ