Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданы тұрғындарымен кездесті
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданына жұмыс сапары барысында әлеуметтік сала ұйымдарының жұмысымен танысып, шаруа қожалықтары мен өнеркәсіп кәсіпорындарын, шағын және орта бизнес нысандарын аралады. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, аудандағы сегіз білім беру ордасында орын тапшылығы байқалуда. Бұл мәселе Бурыл ауылындағы орта мектепке де тән. Ауылдағы туу көрсеткіші мен халықтың көшіп келу қарқыны жоғары. Осы орайда елді мекенде 300 орынға арналған үшінші мектеп салу жоспарлануда.

Бұл орайда ауданның Тараз қаласына жақын орналасуы бірқатар мәселердің туындауына себеп болып отырғандығы жасырын емес. Солардың бірі – жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерінің жетіспеушілігі. Жалпы аудан бойынша жер телімдерін беру 2006 жылы басталғандығын тілге тиек еткен аудан әкімі Нұржан Нұржігітов, аудан орталығы – Сарыкемер ауылында көпқабатты тұрғын үй массивінің құрылысын бастау туралы ұсынысын жеткізді.

Өз кезегінде облыс әкімімен кездескен бурылдықтар мектепті күрделі жөндеуден өткізуді өтініп, жол қозғалысының жоғары қарқынына, жол-көлік оқиғасының артуына, спорт мектебінің жоқтығына, ауылдағы егін жинау техникасының жетіспеушілігіне қатысты шағымдарын жеткізді. Сондай-ақ, ауылдағы шаруалардың басым бөлігінің иелігінде бар-жоғы 5-10 гектардан жер бар. Олардың техника сатып алуға айналым қаражатының жоқтығын айтпасақ та түсінікті. Дегенмен, ауылдықтар бірлесіп әрекет етуге ыңғай танытпауда.
«Ұсақ шаруа қожалықтары қашан да сапалы тұқым, техника, тыңайтқыш сатып алу мәселелерін бастан кешіп келеді. Осы орайда бірігіп жұмыс істеудің маңыздылығы зор. Бұл табысқа жетудің жалғыз жолы», - деді Б. Сапарбаев.

Ауылдықтармен кездесуде өңір басшысы мал дәрігерлік пунктінің құрылысын жүргізуге, мектеп пен көшелерді жөндеуге көмектесуге уәде берді. Сонымен қатар, Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қатысушылардың санын арттыру туралы ұсыныс жолданғанын жеткізді.
«Колледж түлектерінің көбі жұмыссыздар қатарын толықтырады. Осыған аса назар аударып отырмыз. Енді олар тек жұмыс берушілердің сұранысы бойынша мамандар даярлайтын болады», - деп атап өтті Б. Сапарбаев.
Ал Сарыкемер ауылының мәдениет үйінде өткен тұрғындармен кездесу барысында аудан әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Онда байзақтықтар жаңа мектептер, орталық кәріз, жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін беру мәселелерін көтерді.
«Біз ең бастысы – қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықты сақтауымыз керек. Сонда ғана экономика, ауыл шаруашылық, басқа да салаларда табысқа қол жеткізу болады. Жерді пайдаланудың тиімділігін арттыру, шаруа қожалықтарын ірілендіру, шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл тұрғындарының табысын арттырудың пилоттық жобасын жедел іске асыру, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту міндеттеріне айрықша басымдық беру қажет. Атқаратын жұмыс көп. Біз тек бірлесіп әрекет еткенде ғана оң нәтижеге қол жеткіземіз», - деп түйіндеді өз сөзін Бердібек Сапарбаев.