Бердібек Сапарбаев жылды жалақы және салық берешегінсіз аяқтауды тапсырды
ТАРАЗ. Қазақпарат – Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштерінің басым бөлігі ойдағыдай орындалған. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірдегі өндірістік өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік және байланыс секілді алты негізгі саланың даму динамикасы айрықша маңызды десек, осы тұрғыда қысқа мерзімді экономикалық индикатордың өсімі 102,5 пайызды құрап отыр.
Г.Жауынбекова сондай-ақ ҚР Премьер-Министрі мен облыс әкімінің арасындағы меморандумында белгіленген индикаторлардың орындалуы туралы баяндады. Қазіргі таңда 22 индикатордың 18-іне қол жеткізілсе, біреуі асыра орындалған. Ал, 3 индикаторға қол жеткізілмеді. Өнеркәсіп өнімдерінің экспорты мен негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу көрсеткіштері төмен болған. Ал, үшінші индикатордың орындалмауына ана өлімі әсер еткен.
Өткен кезеңде облыстық бюджеттің атқарылуы кірістер бойынша 102 пайызды құраса, салықтық түсімдер 110,3 пайызға қамтамасыз етілген. Бұл ретте облыс бойынша бюджет қаражатын игеру 99,4 пайызды құрады. Қаржы басқармасының басшысы Роза Исаеваның айтуынша, бүгінгі таңда игерілмеген 2 миллиард 493 миллион теңге қалып отыр. Бюджет қаражатының игерілмеуінің негізгі себептері ретінде жұмыстың кеш басталуы, тауарлардың уақытылы жеткізілмеуі аталды.
Бердібек Сапарбаев аудандар мен Тараз қаласының әкімдеріне бөлінген бюджет қаражатын игеруге және 2020 жылға белгіленген міндеттемелерді орындауға бар күш-жігерді салуды тапсырды. Ол сонымен қатар ірі кәсіпорын басшыларының жылды жалақы мен салық берешегінсіз аяқтауына назар аударды.
«Жалпы, жыл табысты аяқталуда. Бірақ қалған уақытта да бәріміз аянбай еңбек етуіміз керек. Алдымен, жыл басында қабылданған міндеттемелердің орындалуын, жалақы мен салық қарыздарын төленуін қамтамасыз ету қажет», - деді ол.
Сондай-ақ, облыс әкімі коронавирус бойынша жағдай әлі де алаңдатарлық күйде екенін атап өтті. Осыған байланысты мониторингтік топтар өз жұмыстарын жандандыруы тиіс. Басқосуда мерекелер алдындағы азық-түлік бағасының шарықтап кетпеуіне ерекше көңіл бөлінді.