Бердібек Сапарбаевтың Президент Телерадиокешеніне берген соңғы сұхбаты
Сұхбат барысында Бердібек Мәшбекұлына «жалпы осыған дейін шетел асқан заңсыз қаржы активтері қазір Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен елге қайтарылып жатыр. Осыған қатысты сіздің жеке пікіріңіз қандай?» деген сауал қойылады.
«Шетел асқан заңсыз қаржы активтерін елге қайтарған дұрыс. Өйткені, ол халықтың қаржысы, сондықтан мемлекеттің меншігіне қайтарылуы керек. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен құрылған арнайы комиссия бар. Бас прокуратура бастаған құзырлы органдар шетел асқан активтердің заңдылығын тексеріп, қарауы керек. Президент шетелден қайтарылған қаржыға мектептер мен басқа да әлеуметтік нысандар саламыз деді, онысы жөн. Халықтың мәселе неге тез шешілмейді деп сұрауы да дұрыс», - деп жауап берді Бердібек Сапарбаев.
Мемлекет қайраткерінің айтуынша, әлеуметтік мәселелер тек Қазақстанға ғана тән емес.
«Қай мемлекеттік алсақ та, тіпті дамыған АҚШ немесе Еуропа елдерін алайықшы - әлеуметтік мәселелер бәрінде бар. Оны шешуге уақыт және дұрыс ұйымдастыру жұмысы керек. Қазір көтеріліп жатқан мәселелер халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған. Оны жауапкершілікпен орындау билік өкілдеріне байланысты», - дейді Б. Сапарбаев.
Бүгін белгілі болғандай Бердібек Сапарбаев 70 жасында өмірден өтті.
Мемлекет басшысы Бердібек Сапарбаевтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.