Бердімұхамедов қазақ жастарын Түрікменстанда білім алуға шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада өткен келіссөздерден кейін Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхмедов қазақ жастарын өз еліндегі жоғары оқу орындарында білім алуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сіздердің білім беру мәселесіне баса назар аударып жатқандарыңызды білеміз. Түрікменнің біраз жастары Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Сол үшін дән ризамыз. Біз де Қазақстан жастарын Түрікменстанның университетерінде білім алуға шақырамыз», - деді Бердімұхамедов. Сондай-ақ, ол Түрікменстанның Азия ойындарын өткізуге мүделлі екенін жеткізді. Осы орайда түркімендер қазақ халқының тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр.
Айта кетейік, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ-түрікмен шекарасында кен орындарын бірлесіп игеру мәселесінің де қаралғанын мәлімдеді .