12:56, 08 Қараша 2013 | GMT +5
«Береке» журналының ұстанымы - «Құтты шаңырақ, баянды ғұмыр»
АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат - Республикалық «Береке» журналының қараша айындағы жаңа саны жарыққа шықты.

Отбасының ырысы мен берекесі артуына үлес қосуды мақсат тұтқан бұл баслымның ұстанымы - «Құтты шаңырақ, баянды ғұмыр». Журналда мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші шақырылымында Мәжіліс Төрағасы болған айтулы азамат Марат Оспанов туралы оның жары Бақыт Оспановамен жүргізілген сұхбат оқырман назарына ұсынылған. Сұхбат беруші Марат Тұрдыбекұлының ел ішіндегі қадірі, адами асыл қасиеттері, отбасындағы үлгі-өнегесі туралы сыр шерткен. Артында қалған мұрасы жайлы ойлар айтылған. Дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиевтің «Отбасының басты құндылығы - береке мен ынтымақ» деп басталатын ой-пікірі жарияланған. Сондай-ақ, «Берекенің қонағы» айдарымен танымал әнші Гүлнұр Оразымбеттің сұхбаты берілген. «Отбасының өскені - менің өскенім» деген тақырыппен жарияланған сұхбатта әнші өз ойларын «Отағасы мен үшін - теңдесі жоқ жар, баға жетпес дос»,- деп түйіндейді. Басылым осы №11 санында белгілі әнші Айгүл Қосанованың сәнге деген көзқарасын жариялап отыр. Сонымен қатар зерделі оқырмандар үшін денсаулық күтімі, жарасымды киім үлгілері ұсынылған. Журналда қазақ халқының өзіндік тамақтану дәстүрі жайлы пайымдаулар жарияланған. Сондай-ақ дастархан мәзірінің сәнін келтіру үшін әртүрлі тағамдар дайындау тәсілдері берілген. «Саяхат» айдары бойынша Оңтүстік Корея елінің ғажап көріністері туралы баяндалған материалды оқуға болады. Айта кету керек, «Береке» журналы 2012 жылдың ақпан айынан бастап шығарылып келеді. Аз ғана уақыттың ішінде оқырмандарының ықыласына бөленіп үлгірген басылымның қазіргі таралымы - 20 мың дана.