«Берел» қорғандары аумағында ашық аспан астындағы музей ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында әлемге әйгілі Берел қорғандары аумағында ашық аспан астындағы музей ашылды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Берел» қорғандары аумағында ашық аспан астындағы музей ашылды

Музей №11 қорғанның аумағында ашылды. Жобаны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы жүзеге асырды.

Берел қорғандары - Қазақстандағы сақ дәуірі кезеңінің органикалық заттары сақталған жалғыз тарихи ескерткіш. 1998 жылдан бастап бұл жерде археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Қорым б.з.б. V-IV ғасырларда салынған. Қорым Бұқтырма өзенінің оң жағалауында Берел ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 7 шақырым жерде, таулы аңғарда орналасқан. Қорымның құрамында 100-ден астам оба бар.

Өткен ғасырдың аяғында археологтар ашқан әлемдік деңгейдегі үлкен жаңалықтардың бірі -Алтайдағы осы Берел қорғандары. Онда табылған археологиялық ескерткіштер, шын мәніндегі әлемдік үлкен жаңалық, айтулы ғылыми табыс ретінде бағаланды. Бұл аумақтан ІІІ ғасырдың басы - ІV ғасырдың аяғында өмір сүрген болуы ықтимал ақсүйек әйелдің тоны, белбеуі және әбзелдерімен бірге екі аттың қалдықтары, сондай-ақ алтынмен апталған тағы 7 жылқының сүйектері табылған болатын.

Берел қорғандарының аумағында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы  аясында 2008 жылы ҚР Үкіметінің Қаулысымен «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы құрылған болатын.