Березов ауылы тұрғындарын көшіру мәселесі ерекше бақылауда - БҚО әкімі
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бөрлі ауданындағы Березов ауылы тұрғындарын Ақсай қаласына көшіру мәселесі ерекше бақылауда. Бұл туралы бүгін «ҚПО б.в.» компаниясының басшыларымен кездескен облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Өткен жылы облыста өнеркәсіп саласын дамыту мен бірлескен әлеуметтік инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өткен өңір басшысы тұрғындарды жаңа орынға қоныстандыруды соңына дейін жеткізу керектігін айтты. «Ол үшін 100 жеке үй мен тоғыз қабатты екі үйді мерзімінде пайдалануға беру керек. Сондай-ақ тұрғындар игілігі үшін алдағы оқу жылына дейін жаңа мектеп, бабабақша және спорт кешенін салып бітіру қажет», деді әкім.
Облыс әкімі әлеуметтік инфрақұрылымдық жұмыстарды жоспарлауды ертерек аяқтап, көктем басталысымен-ақ іске кірісуді тапсырды. Бұл ретте өткен жылғы оң тәжірибені ескеруді ұсынды.
«ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли өз сөзінде облыс әкімдігі тарапынан үлкен қолдау бар екендігін айтып, жергілікті басшылыққа алғысын жеткізді.