Берген Беспалинов: Әкімшілік кедергілерді шектеу - алдымызда тұрған міндет
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Алдымызда тұрған міндет - мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерісін ашық әрі сапалы ету, әкімшілік кедергілерге шек қою. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Берген Беспалинов Елбасының Жолдауына қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты өзінің биылғы Жолдауында халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған 6 нақты қадамды атап өтті. Осы орайда аталған маңызды қадамдардың бірі азаматтарымыздың сұраныстарына бағытталған мемлекеттік аппаратты құру болды. Осы күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі еліміздің барлық өңірлерінде халықпен сапалы және шұғыл кері байланысты қамтамасыз етуге бағытталған «Қоғамдық бақылау картасы» жобасын жүзеге асыруда. Ақмола облысының тұрғындары үшін аталған жоба іске қосылған уақытынан бастап-ақ өтінім жіберудің өзіндік бір «навигаторына» айналды», - дейді Б.Беспалинов.
Оның айтуынша, «Қоғамдық бақылау картасы» жобасы аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментіне осы күнге дейін 90-нан астам өтініш келіп түскен. Олардың дені жұмыстың сапасын арттыруға бағытталған ұсыным сипатындағы хабарламалар.
«Бұл өз кезегінде азаматтардың жүзеге асырылып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа белсенді араласуының бір көрсеткіші. Ақмола облысында халықпен кері байланыс жүргізу жүйесінің тағы бір тиімді және тұрақты моделі өңірлік арнайы мониторингтік топтар арқылы іске асуда. Өз өтінішін қалдыруды, не болмаса қандай да бір мәселелер бойынша шұғыл кеңес алуды қалайтын азаматтар өз өңіріндегі аталған топтың мүшелеріне хабарласа алады. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізудің жоғары нәтижелер көрсеткенін атап өтті. Жағымды нәтижелерге қарамастан, тындырар іс әлі көп. Елбасы атап өткендей, ең бастысы - олар мұны тек жалақыны көбейту ғана емес, бәрінен бұрын, жұмыстарының тиімділігін арттыру деп түсінуі керек. Осы орайда ол еңбекке төленетін қаржының өсімі бюджет шығысын, соның ішінде бағынышты мекемелердің шығыстарын оңтайландыру және үнемдеу есебінен өтелуін бақылауда ұстауды тапсырды», - деді департамент басшысы.
Б.Беспалинов атап өткендей, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемқызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайту сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жоюға ықпал етпек.
«Мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерістерін ашық, ал қызметтердің өзін сапалы ету, сондай-ақ әкімшілік бөгеттерге шек қою - алдымызда тұрған міндет. Осының барлығы түбінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға жол ашады. Сонымен қатар Елбасы қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қажет деп ескертті. Басшылар өздерінің кәсіби қызметінде ашықтық, қолжетімділік және жариялылық саясатын ұстануы, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюы, ұжым ішінде меритократия қағидатының ұстануын қамтамасыз етуі, бөлек қызметшілерге қатысты қолдампаздық пен біржақты жағымсыз қатынастың орын алуына жол бермеуі, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бойынша шаралар қабылдауы тиіс. Бүгінгі Елбасының Жолдауы халық арасында кең қолдауға ие болды. Біздің міндетіміз - қысқа уақытта аталған тапсырмаларды жүзеге асыру. Жарқын болашағымызды достықта, келісімде және бірлікті құрудың қажеттігін түсінетін уақыт келді. Сыбайлас жемқорлықпен күресуде қоғамның қолдау көрсетуі бұдан да артық нәтижелерге қол жеткізуге және әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге өз септігін тигізетініне кәміл сенімдімін», - деді ол.