Бергей Рысқалиев пен оның ағасы Аманжанды Лондонда көргендер бар

 АСТАНА. 5 қазан. ҚазАқпарат - Бергей Рысқалиев пен оның ағасы Аманжанды Лондонда көргендер бар. Бұл туралы Forbes Kazakhstan басылымына өзін тұрақты оқырман ретінде таныстырған және аты-жөнін атамауды өтінген азамат хабарлады.
None
None

Ол бұрынғы екі шенеунікті дәмханада көргенін хабарлады. Оқырманның айтуынша, ол Бергей Рысқалиев пен оның ағасы Аманжан Рысқалиді жуырда Knightsbridge метро стансасынан алыс емес жерде, Raphael Street, 5 көшесінің бойында орналасқан лондондық Zuma дәмханасынан көрген.

Дереккөзге сенсек, «екі атыраулық» «Қазақстанның үшінші астанасына» орналасып алған. Оның үстіне, бұған дейін БАҚ-тарда хабарланғандай, Бергей Рысқалиевтің отбасы Лондонда бұрыннан тұрады.

Естеріңізге сала кетейік, Бергей Рысқалиев Атырау облысы әкімінің қызметінен босатылғаннан кейін ол із-түзсіз жоғалды. Бергей Сәулетбайұлы ұсталып, үй қамаққа алынғаны жайлы ақпарат тараған болатын, бірақ ол мәліметтер расталмады.

Бергей Рысқалиевтің туған ағасы Аманжан Рысқали өңірде бірқатар компанияларды қадағалап, бизнеспен айналысқан. «Ақ жол» партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Депутаттық өкілеттігін ағымдағы жылдың қыркүйек айында тоқтатты. А. Рысқалидің «Ақ жол» демократиялық партиясындағы және оның президиумындағы мүшелігі тоқтатылды. 

Онымен қоса, ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агентті ағымдағы жылдың 27 қыркүйегінде Атырау қаласында «AB-Group» ЖШС-мен салынған тұрғын-үйдің 9 пәтерін алаяқтық жолмен иемдену фактісі бойынша Аманжан Рысқалиге қатысты қылмыстық іс қозғады.

Бұл бұрынғы облыс әкімі Бергей Рысқалиевтің іздеуге жарияланған екінші туысы. Сот санкциясымен бұрынғы әкімнің әпкесінің күйеуі -  Руслан Әлбақасов іздестірілуде. Р. Әлбақасовтың компаниясы мен фирмасы бірнеше жыл бойы маңызды әлеуметтік жобаларды іске асыруға бюджеттен бөлінген қаражатты жымқырып келген. 

Соңғы жаңалықтар