Берік Әбдіғалиұлы өңірде ана мен бала өлімінің артуын түсіндірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингісінде өңірде ана мен бала өлімі неліктен артқанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің облыста бүгінге дейін перинаталды орталық пен облыстық аурухана жоқ. Осының салдарынан кері статистикалық көрсеткіштер тіркеліп отыр. Өкінішке қарай ана өлімінің бір жағдайы тіркеліп, нәресте өлімі артып кетті. Бұл республикалық көрсеткіштен жоғары.

Қазір Үкіметтің қолдауымен арнайы перинаталды орталық ашу туралы шешім қабылданды. Тиісті жобалық құжаттары дайындалып жатыр. Онкологиялық науқастардың саны да, өкінішке қарай, 2,6 есе артты. Бұл республикалық көрсеткіштен 2 есе көп.

Бізде онкологиялық диспансер де жоқ. Сондықтан қазір көпсалалы аурухана базасында арнайы онкологиялық диспансер ғимаратының жөндеу жұмыстары жүріп жатыр», - деді ол.

Сондай-ақ әкім ауылдардың денсаулық сақтау жүйесіне де көңіл бөлініп жатқанын атады.

«Өңірде 9 фельдшерлік-акушерлік бекеттің құрылысы аяқталды. Тағы тоғызы биыл басталады. Жалпы 9 ауылды денсаулық сақтау нысанымен қамтамасыз етеміз. Ал Ұлытау ауданында халық көптен бері сұрап жүрген аудандық аурухана салына бастайды», - деді облыс басшысы.


Соңғы жаңалықтар