Берік Тоқтаров: Президент Жолдауында сырттан төнетін қауіпке дайын болуға шақырды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие жөніндегі орынбасары Берік Тоқтаров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы, Жоғары Бас қолбасшымыз халыққа арналған кезекті Жолдауын қазіргі күрделі кезеңді еңсерудің жаңа бағыттарына арнады. Әлемде белең алған эпидемиялық ахуал еліміздің барлық саласына кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Президент мемлекеттегі саяси, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен жұмыс орындарын ашу және халықтың табысын арттыру үшін 5 негізгі бастама көтерді. Алдағы 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейетін болды. Бұл 1 млн қазақстандыққа тікелей, ал еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға жанама түрде әсер етеді», - деді Берік Тоқтаров.

Оның айтуынша, бұл әлеуметтік қолдау ұландықтарды да сырт айналып кеткен жоқ. Мәселен, 2021-2023 жылдары офицерлердің жалақысы 70 пайызға, келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилердің еңбекақысы 60 пайызға жуық артады.

«Қазірдің өзінде ұландықтардың айлық жалақысы біртіндеп өсіп келеді. Сонымен қатар еліміздегі 13,5 мыңнан астам әскери қызметшіге тұрғын үй төлемдері беріліп тұрады. 2024 жылдың соңына дейін арнайы жасақ құрамындағы келісімшарт бойынша қызмет атқаратын барлық әскериге офицер шенін беру жоспарланған. Яғни, бұл офицерлік шенге байланысты жалақы мөлшері де өседі деген сөз. Бұл біз үшін маңызды әлеуметтік қолдау болмақ», - деді полковник.

Өз сөзінде ол Мемлекет басшысының сыртқы қорғанысты күшейтуге ерекше тоқталғанын айтты.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы әскери доктринамызды толықтай қайта қарастыруға міндетті екендігімізді жеткізді. Меніңше, бұл дер кезінде көтерілген мәселе. Себебі, Ауғанстанда үлкен шиеленіс болып жатқаны белгілі. Ол елмен ортақ шекарамыз болмағанымен, көршілес елдердегі тұрақсыздықтың салқыны бізге де тиері анық. Сондықтан Президентіміз өз Жолдауында сырттан төнетін қауіпті модельдеу айрықша өзекті екенін айтып, сценарийлер дайындаған жөн екенін айтты. Яғни, бұл еліміздің Қарулы күштерін сырттан келетін қауіп-қатерге дайын болуға міндеттейді. Өз кезегінде Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтары мен әскери бөлімдерінде жауынгерлік, штабтық жаттығулар кешенді түрде өткізіліп тұрады», - деді Берік Тоқтаров.


Соңғы жаңалықтар