Берік Уәли ҚР ИДМ-ның қоғаммен байланыс бөлiмiнiң меңгерушiсi болып тағайындалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Берік Уәли ҚР Инвестициялар және даму министрінiң кеңесшiсi және қоғаммен байланыс бөлiмiнiң меңгерушiсi болып тағайындалды. Бұл туралы министр Жеңіс Қасымбек Фейсбуктегі парақшасында жария етті.
«Танымал тележурналист, қоғам белсендiсi Берік Уәли ҚР Инвестициялар және даму министрлігiне жұмысқа келiп жатыр. Берiк Уәли бүгiннен бастап министрдiң кеңесшiсi әрi қоғаммен байланыс бөлiмiнiң меңгерушiсi болып тағайындалды», деп жазды ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, министрлiкте Ақпараттық қамтамасыз етумен айналысатын арнайы департамент құрылуда. Алдағы уақытта министрлiк осы департамент арқылы қоғаммен байланысты күшейтудi көздеп отыр.
Берiк Уәли журналистика саласында жинаған тәжірибесін соңғы жылдары мемлекеттік қызметте де тиімді ұштастырып келеді. ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары - баспасөз қызметiнiң басшысы, ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы, «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарған.
Жеңіс Қасымбек Берік Уәлиді жаңа қызметімен құттықтап, министрліктің жұмысын халыққа жақындатуға бағытталған игі істердің бастамашысы болатындығына сенім білдірді.
Бұған дейін ҚР ИДМ бұрынғы ресми өкілі Қайсар Жұмабайұлы Фейсбуктегі парақшасында «Бүгін менің де кәсіби өмірімде айтарлықтай өзгеріс. Жұмысымды ауыстыруға бел будым», деп жазды. Ал министрліктің Кадр жұмысы департаментінің директоры Марат Иғалиев Фейсбукте Қайсар Жұмабайұлына бірлесіп 7 жыл жұмыс істескеніне алғыс білдірді.