«Беріктік көрсеткен Берікжан » - баспасөзге шолу

***
Бүгін - жалпыұлттық аза тұту күні. Қанды жексенбі, яғни, 5 маусым күні Ақтөбе облысында орын алған террорлық әрекетке байланысты Мемлекет басшысы мәлімдеме жасап, лаңкестердің қолынан қаза тапқандарды аза тұту күнін белгіледі. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі де ерлікпен қаза тапқан әскерилердің және бейбіт тұрғындардың жақындарына қайғырып көңіл айтады.
***
«Егемен Қазақстан» газеті Ақтөбедегі №6555 әскери бөлімі атқыштар батальоны сапындағы әскери қызметші Берікжан Қалиевтің ерлігін тағы бір атап көрсеткен. Басылымның хабарлауынша, Орал өңірінің тумасы кіші сержантты кеше жақындары мен туған-туысы соңғы сапарға шығарып салды. «Берікжан Қалиев терроршылармен тіресу кезінде атына заты сай берік жан екенін таныта білді. Ол елінің тыныштығы үшін шыбын жанын пида етті. Осындай батыр да батыл ер тәрбиелей білген Берікжанның ата-анасына қайғырып көңіл айтамыз»,-деген батырды ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қатыса отырып, БҚО әкімі Алтай Көлгінов. Басылымның хабарлауынша, марқұм қызмет еткен әскери бөлімнің басшылығы Берікжан Қалиевті мемлекеттік наградаға ұсынады. Бұл туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Беріктік көрсеткен Берікжан» атты мақаладан оқи аласыздар.
Басылым «Қылмыскерлер қатаң жазаға тартылуы тиіс» деген тақырыппен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Жұмақановқа берген тапсырмасы жайлы жазады. Кездесу барысында В.Жұмақанов Мемлекет басшысына Ақтөбе облысындағы антитеррорлық операцияның осы кезеңге дейінгі нәтижелері туралы баяндады.Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қазіргі уақытқа дейін 13 қылмыскердің көзі жойылып, 14-і жараланғанын айтты. Бұдан бөлек, дайындық кезеңінде қылмысқа қатысудан 20 адам бас тартқан, олар анықталып, жауап алынды. Қазіргі кезде 6 адам іздестірілуде, қолда бар ақпарат бойынша, олар Ақтөбе облысының аумағында жүр. Қазақстан Президенті Ақтөбе облысындағы террористік әрекеттерге қатысы бар адамдарды ұстап, тұтқындау жұмыстарын тиімді түрде жүргізу қажеттігін атап өтті.
- Біз олардың сол өңірде екенін білеміз, жеке бастарына қатысты мәліметтер белгілі, халыққа ескер¬тілді. Қылмыскерлердің бәрін түгел тұтқындау қажет. Қарулы қарсылық көрсеткен жағдайда көздерін жою керек. Барлығы ең қатал жазаға тартылуға тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санынан оқи аласыздар.
***
«Айқын» республикалық басылымының хабарлауынша, Астана қаласында Қазақстан Республикасы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мүше мемлекеттері қорғаныс министрлерінің кезекті кеңесі өтті. Өткен жексенбіде Ақтөбеде болған террорлық әрекеттерді алға тарта отырып, халықаралық терроризм мен өңірлік экстремизмнің өршу қауіп-қатері жағдайында қорғаныс ведомстволарының басшылары Ұйымның кеңістігінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуда үйлестірілген бірлескен іс-қимылдың маңыздылығын ерекше атап өткен екен. «Кеңеске ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, Мемлекеттік кеңес мүшесі - ҚХР Қорғаныс министрі генерал-полковник Чан Ваньцюань, Қытай Республикасының қорғаныс істері жөніндегі Мемлекеттік комитетінің төрағасы генерал-майор Марат Кенжисариев, РФ Қорғаныс министрі армия генералы Сергей Шойгу, Тәжікстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Шерали Мирзо, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Өзбекстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Шавкат Норматов қатысты. «Кездесу барысында қорғаныс ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, бұл салада ШЫҰ мемлекеттері арасындағы өзара түсіністіктің жоғары деңгейін атап өтті» деп жазады басылым. Баса айта кетерлігі, қорғаныс ведомстволарының басшылары қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ШЫҰ мүше мемлекеттерінің жанындағы шекаралардан әскери қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл, сондай-ақ жедел ақпарат алмасу бойынша қорғаныс ведомстволарының ынтымақтастығын дамыту мәселелері жөнінде үйлестірілетін, консультативтік тетіктерді жетілдіруге уағдаласқан. Бұл туралы толығырақ «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Қорғаныс министрлерінің кеңесі өтті» деген мақаладан оқи аласыздар.
***
«Экспресс К» газеті атыс-шабыс пен жарылыс туралы жалған ақпарат таратушылар жазады. Ақтөбедегі жағдай ушығып тұрған күндері белгісіз бір ер адам Батыс Қазақстан облысының Ішкі істер департаментіне қоңырау шалып, «бомба жарғалы» жатқанын хабарлайды да тұтқаны қоя салады. Құқық қорғаушылар бұл әрекетке барған адамы лезде тапқан. Ел дүрлігіп жатқанда жұмысы жоқ 37 жастағы азамат арақ ішіп алып, құқық қорғаушылармен осылайша «әзілдегісі» келген екен. Қазір оқ уақытша қамау изоляторына жабылды. Бұл туралы толығырақ «Экспресс К» газетіндегі «Время шуток кончилось» атты мақаладан оқи аласыздар.