Берілген міндеттерді орындаймын – Жандос Бүркітбаев өзінің тағайындалуы туралы
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев өзінің жаңа қызметке тағайындалуы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ең алдымен, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын тағайындау, жұмыстан босату туралы шешімді еліміздің жоғары басшылығы қабылдайды. Тиісінше, оған менің пікір білдіруім орынсыз болады. Мен мемлекеттік саяси қызметкер ретінде өзіме берілген тапсырмаларды орындаймын, қолдағы өкілеттіктер аясында берілген міндеттерді атқарамын», - деді Ж. Бүркітбаев Үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысы жоспарлы, жүйелі түрде жүріп жатыр. Жүйелі мәселелер жоспарлар аясында еш дүрлігусіз шешілуде.
«Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу қашанда жауапты іс, бұл ең алдымен өз алдыңдағы, әріптестердің және Қазақстан халқының алдындағы үлкен жауапкершілік. Денсаулық сақтау министрлігінің негізгі рөлі – Қазақстан азаматтарының денсаулығын қорғау. Мен мұнда тағайындау көріп тұрған жоқпын, міндеттерді атқаруым керек», - деді Жандос Бүркітбаев.