Берік Асылов тұрмыстағы зорлық-зомбылық жөнінде: Ешкімнің шеніне қарамайық

Соңғы бір тоқсанда әкімшілік жауапкершілікке тартылған үйбұзарлардың саны 7 мыңнан 27 мыңға дейін артты. Бас прокурор Берік Асылов отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы мен қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында осындай дерек келтірді, деп хабарлайды Kazinform.

берік асылов
Фото: Kazinform

«Полицияның үйдегі зорлық-зомбылық туралы шағымдарға әрекет ету тәсілі қайта қаралды. Соның нәтижесінде, үшінші тоқсанда әкімшілік жауапкершілікке тартылған үйбұзарлардың саны 7 мыңнан 27 мыңға дейін артты. Жыл басынан кісі өлтіргені және денеге өліммен аяқталған ауыр жарақат салғаны үшін 80 адам ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды», – деді Берік Асылов.

Бас прокурор бұл құқық бұзушылықты жазамен ғана тыю мүмкін емес екенін еске салды. Оның пайымынша, бұл істе қоғамның қолдауы маңызды.

«Бәрінің есінде шығар, Ішкі істер министрлігі қауіпсіздік белдігі мен көлік терезесін тұмшалау фактілері бойынша ымырасыз күрес жүргізгенде қоғам қолдаған еді. Ешкімнің шеніне қараған жоқ, ешкімді кешірген жоқ. Соның әсерінен жолда жапа шегетіндер саны азайған болатын.

Бүкіл салада осындай ұстаным болуы керек. Әсіресе әйелдер мен балалардың амандығы туралы айтып отырсақ, мұның маңызы зор. Бұл жерде адамдардың құқықтық санасы өзгеруі керек. Әлі күнге дейін жапа шегушілердің көбі полицияға жүгінбейді. Тіпті кейде туыстары аузын жабады. Көршілер де ондай дау-жанжалдан аулақ болуға тырысады. Соның салдарынан өзін жазасыз сезінгендердің ұрып-соғу мен қорлау әрекетері бала мен әйел өліміне де әкеп соғуда. Біздің бүгінгі міндетіміз осының бәріне нақты шешім қабылдау. Көптеген әйел мен баланың тағдыры біздің нақты қадамдарымыз бен шешімдерімізге байланысты», - деді ол.