Берлин 2024 не 2028 жылғы жазғы ойындарды өткізу құқығын жеңіп алуға әрекет жасамақ

Шетелдік БАҚ-тың ақпаратына қарағанда, бұл туралы Германия астанасының басшысы Клаус Воверайт мәлім еткен.
Аталған жылдары Олимпиада өткізу үшін Берлиннен бөлек Гамбург қаласы да үміткер болып отыр. Германияның осы екі қаласы да өз тұжырымдамаларын бірінші қыркүйек күні ұсынатын болады. Осы айдың соңына дейін үміткер қалалар Неміс Олимпиада спорттық одағына осынау байрақты бәсекеге қатысты туындаған барлық сауалдарына тыңғылықты жауап беруі тиіс.
Сейсенбі күні өткен Берлин Үкіметінің отырысында Неміс Олимпиада спорттық одағының сауалдарына қатысты 13 жауап түзілді. Ол осы жексенді күні аталған ұйымға табыс етілуі тиіс.
«Біз жан-жақты жауаптарды әзірледік. Өтінім (Берлинде Олимпиада ойындарын өткізу өтінімі) халықтың толық қолдауына ие болып отыр», - деді Клаус Воверайт.
Айта кетерлігі, НОСО жазғы ойындар не Берлинде, не Гамбургте өтетіндігіне қатысты соңғы шешімін 6 желтоқсан күні қабылдайтын болады.
Айта кетерлігі, бұған дейін Германия үш мәрте олимпиада ойындарын өткізген болатын.