Қазақстандық электрмонтерлер халықаралық байқауда топ жарды

АСТАНА. KAZINFORM — Астана емес, Анкарада өткен халықаралық байқауда Қазақстанның электрмонтерлер құрамасы түркі елдерінің мамандарын басып озып, бірінші орынға ие болды. Сонымен қатар қазақстандық мамандар «Ең табысты команда» арнайы номинациясымен марапатталды. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлім етті.

Қазақстандық электрмонтерлер халықаралық байқауда топ жарды
Фото: Энергетика министрлігі

21–23 қыркүйекте Анкарада «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің 2026 жылғы электр энергиясын тарату желісіндегі үздік командасы» халықаралық байқауы өтті. Жарысқа Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің энергетика саласының өкілдері қатысты.

Сайысқа Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Венгрия және Түрікменстанның энергетика саласының өкілдері қатысты.

Қазақстан атынан Энергетика министрлігі жасақтаған құрама команда қатысты. Оның құрамына Шымкент қаласының «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС және Ақтөбе облысының «Энергосистема» ЖШС мамандары кірді.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болып, кәсіби даярлықтың, практикалық дағдылардың және командалық жұмыстың жоғары деңгейін көрсетті.

Сонымен қатар қазақстандық команда «Ең табысты команда» арнайы номинациясымен марапатталды.

Сайыс TEDAŞ оқу базасында өтіп, электр қондырғыларымен жұмыс істеу бойынша кәсіби дағдыларды, сондай-ақ қауіпсіздік және тарату желілерін пайдалану талаптарын практикалық тұрғыда көрсетуге бағытталды.

Байқау барысында қатысушылар тарату трансформаторының ақаулы жоғары кернеулі сақтандырғышын ауыстыру бойынша практикалық тапсырманы орындады. Тапсырма төмен және орта кернеу жағдайында операцияларды ретімен орындауды, жергілікті жерге қосуды, сақтандырғышты ауыстыруды және қауіпсіздік талаптарын сақтауды қамтыды.

Қатысушылардың жұмысын халықаралық төрешілер алқасы бағалады. Нәтижелерді анықтау кезінде операциялардың дұрыс орындалуы, еңбекті қорғау талаптарының сақталуы, тапсырманы орындау уақыты, сондай-ақ тиімді әрі заманауи техникалық шешімдерді қолдану ескерілді.

Қазақстанның халықаралық жарысқа қатысуы Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің энергетика саласы мамандары арасында кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, қазақстандық электр монтерлерінің кәсіби деңгейін халықаралық аренада танытты. 

Айта кетейік, Қазақстанда өндірілген электр энергиясы артып келеді.