Берлин әуежайында мигранттарды жедел депортациялау орталығы ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Берлин Бранденбург әуежайында елден пана сұраушыларға арналған жаңа орталық жұмысын бастады. Бұл орталық мигранттарды жедел түрде депортациялау рәсімдерін жүзеге асыруға бағытталған, деп хабарлайды DW.

Берлин әуежайында мигранттарды жедел депортациялау орталығы ашылды
Фото: BER Airport

Орталық реформаланған Жалпыеуропалық пана беру жүйесі (CEAS) жүзеге асырылғаннан кейін ашылды. Жаңа жүйе жекелеген санаттағы өтініштерді қарауды жеделдетуге және өтініш қабылданбаған жағдайда үміткерлерді елден жедел шығару шараларын ұйымдастыруға бағытталған.

Орталықта жеке басы туралы жалған ақпарат берген, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін тұлғалардың істері қаралады.

Жеделдетілген рәсім халықаралық қорғау сирек берілетін елдердің азаматтарына да қолданылады.

Егер пана беру туралы өтініш қабылданбаса, өтініш беруші қарау рәсімі аяқталғаннан кейін бірден депортациялануы мүмкін. Қарау процесі 12 аптадан аспайды.

Адамдарды орналастыру үшін әуежай аумағына жақын жерде бөлек ғимарат жабдықталған. Бранденбург федералдық жерінің Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, орталық бір мезетте 40 адамға дейін қабылдай алады. Осындай орталықтар бұған дейін Гессен, Баден-Вюртемберг және Бавария федералдық жерлерінде де жұмыс істеп келеді.

Жалпыеуропалық пана беру жүйесі (CEAS) Еуропалық Одақтың барлық елдерінде күшіне енді. Оның мақсаты — көші-қон үдерістерін реттеу, өтініштерді қарауды жеделдету және пана іздеушілерді одақ елдері арасында тиімді бөлу.

Айта кетейік, Францияда иммиграцияны шектеу ұсынылды. Сондай-ақ  Оңтүстік Африка билігі заңсыз миграцияны ауыздықтаудың 5 тармақты жоспарын ұсынды.

Бұған дейін Дональд Трамп АҚШ Ішкі қауіпсіздік департаментінің иммиграциялық қызметін 70 миллиард долларға қаржыландыру туралы заң жобасына қол қойғаны туралы хабарладық.