Берлин бургомистрі Клаус Воверайт: «Ислам - Берлиннің бір бөлігі»

АСТАНА. 22 сәуір. ҚазАқпарат - Германия астанасында дәстүрге айналған «Берлиндегі ислам апталығы» ұйымдастырылды.

Берлин бургомистрі Клаус Воверайт: «Ислам - Берлиннің бір бөлігі»

Аталмыш шара осы елдегі салты мен тілі, танымы мен мәдениеті басқа, наным-сенімі өзге тұрғындар мен мұсылмандар арасындағы дінаралық диалогтың ажырамас бір бөлігіндей болып отыр, деп жазады muslim.kz.

«Іslamwoche-berlin.de сайтында хабарланғандай, жарастық пен жасампаздыққа бастайтын осынау шарада негізінен ғылым мен білім және моралдық құндылықтар төңірегінде мәселелер қозғалған. Сондай-ақ, зайырлы қоғамдағы діннің орны мен діндер арасындағы өзара қатынас, демократиялық құндылықтар, діни ортадағы жеке адамның рөлі, неміс қоғамындағы мұсылманның рөлі секілді дәстүрге айналған, маңызын жоймайтын тақырыптар арқау болған», деп хабарлайды Әзірет Сұлтан мешітінің ресми сайты.

Аталмыш апталыққа саяси қайраткерлер мен өнер өкілдері, ғалымдар, бизнесмендер және БАҚ тілшілері қатысқан. Бұл шараның Берлин бургомистрі Клаус Воверайттың жетекшілігімен өткенін айта кету керек. «Ислам ­- Берлиннің бір бөлігі. Астанамызда христиандардан кейін мұсылмандардың қарасы көп», - деп мәлімдеді ол.

«Әлем жұртшылығы мұсылмандардың тыныс-тіршілігін біле бермейді. Ол ол ма, ара-тұра діни араздық туып, түсінбестік орын алып жатады. Неміс тілді мұсылмандардың осындай шараны ұйымдастырғанына риза болдым. Мен бұл бастаманы қолдаймын», - дейді ол сөзін толықтырып.