Берлин сахнасында қазақстандық композиторлардың туындылары шырқалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ ұлттық өнер университетінің симфониялық оркестрі Германияда классикалық музыка фестиваліне қатысты. Young Euro Classic деп аталатын әлемге әйгілі шарада білім ошағы алғаш рет өнер көрсетті, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.

Берлин сахнасында қазақстандық композиторлардың туындылары шырқалды

Сахна төрінде қазақстандық композиторлардың бірегей туындылары шырқалып, дүйім жұрт таңырқай қол соқты. Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева бастаған концертті тамашалуға, Бундестаг депутаттары мен дипломаттар, саясаткерлер мен сарапшылар жиналды. Көрермендер арасында ине шаншар орын болмады. Еліміздің өнер ұжымы симфониялық әрбір шығарманы асқан шабытпен орындап, шеберліктерін паш етті.

Айта кеткен жөн, Young Euro Classic фестивалі биыл 17 рет өткізілді. Бұл жолы оған әлемнің 1500-ге тарта өнерпазы қатысты.

«Қазақ музыкасы қашанда Еуропаны таңқалдырады. Себебі ұлттық аспаптарымыздың дыбысы, әуендері, энергетикасы кез-келген көрерменді елітіп әкетеді. Енді Қазақстан мен Германия студенттері қосылып, шығармашылық кеш өткізгіміз келеді», деді ҚР Халық әртісі Айман Мұсақожаева.