Берлинде атыраулық паралимпиадашылар 6 медаль еншіледі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - 8-11 маусым аралығында Германияның Берлин қаласында паражүзуден әлем кубогы өтті. Сайысқа 55 елден 700-ден астам спортшы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кету керек, бұған дейін жарыстың алғашқы күні Ержан Сәлімгереевтің 100 метрде баттерфляй әдісімен жүзуде чемпион атанғанын жазған болатынбыз. Енді Ержан 50 метрде баттерфляй әдісімен жүзуде күміс және 50 метрде еркін әдіспен жүзуде қола медальға ие болды. Осылайша атыраулық спортшы әлем кубогында медальдар комплектін жинап отыр.
Тағы бір жерлесіміз Дмитрий Ли Қазақстан ұлттық құрамасы сапында эстафеталық сайыста чемпион атанды. 200 метрде кешенді жүзуде күміс жүлдеге қол жеткізді.
Онымен қоса жарыстың алғашқы күні 200 метрде еркін әдіспен жүзуде күміс жүлдеге ие болды.
Ендігі спортшыларымыздың межесі қыркүйек айында Индонезия елінде өтетін жазғы Азия ойындары болмақ.