Берлиндегі ірі клиникаға хакерлер шабуыл жасап, жеке деректерді ұрлады
АСТАНА. KAZINFORM — Неміс тіліндегі Charité университеттік клиникасының серверіне хакерлер шабуыл жасап, жеке байланыс деректеріне қол жеткізген. Бұл туралы бүгін клиника әкімшілігі мәлімдеді, деп хабарлайды BILD.
Кибершабуыл салдарынан қаскөйлер медициналық мекеменің сайты орналасқан серверге кірген. Зардап шеккендердің қатарында клиника қызметкерлері, студенттер және Charité мекемесіне онлайн нысан арқылы, соның ішінде дәрігер қабылдауына жазылу үшін жүгінген бөгде адамдар болуы мүмкін.
Әзірге нақты қандай мәліметтердің ұрланғаны және шабуылдан қанша адамның зардап шеккені белгісіз. Клиника әкімшілігі зардап шеккендердің барлығына жақын арада жеке хабар беруге уәде етті.
Бұзу фактісі анықталғаннан кейін мамандар оқиғаның себептерін тексеруге кірісіп, басқа ақпараттық жүйелердің қорғанысын күшейткен.
Сонымен қатар Charité клиникасы қадағалау және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Әкімшіліктің мәліметінше, кибершабуылға қарамастан, науқастарға медициналық көмек көрсету тоқтаған жоқ. Аурухана әдеттегі режимде жұмыс істеп тұр.
Өткен аптада да PHP жүйесіндегі осалдық анықталғандықтан, Charité өз сайтын уақытша өшірген болатын. Алайда клиника өкілдері жаңа кибершабуылдың бұл жағдайға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Айта кетелік Жапониялық GMO Internet компаниясы хакерлерді табуға 1 млн доллар сыйақы ұсынған еді.