«Берлиндегі Мұстафа басына неге ескерткіш тұрғызбаймыз?» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қазанның 14-і, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
Қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді көтеріп, оқырман көңілінен шығып жүрген «Алаш айнасы» газеті бейсенбілік нөмірінде де алған бағытынан таймады. Басылымның бүгінгі санында «Берлиндегі Мұстафа басына неге ескерткіш тұрғызбаймыз?» деген тақырыппен материал жарияланды. Мақалада Алаш жұрты үшін аянбай еңбек еткен, тірлігінде туған өлкесін билеген кеңес өкіметі саясатының тепкісінен батысты паналауға мәжбүр болған Мұстафа Шоқайға құрмет көрсетіп, оның басына ескерткіш орнату қажеттегі жазылған. «Биыл Мұстафа Шоқайдың туғанына 120 жыл, ал келесі жылы дүниеден озғанына 70 жыл толады. Осы орайда қазақтың қайраткер ұлы жерленген жерге бір ескерткішін орнату керек», - делінген мақалады.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында Мәжіліс депутаты Зейнолла Алшымбаевпен болған сұхбат жарияланған. Онда депутат еліміздің қазіргі экономикалық әлеуеті мен экологиялық проблемалары туралы ойларымен бөліскен. Халық қалаулысы, әсіресе еліміздегі мұнай өндірісіндегі олқылықтарға алаңдаушылық білдіреді, Қазақстанның жерасты байлықтарын ең алдымен өз игілігімізге жаратуды үйренуіміз керектігін айтады. Материал «Экологиялық талапсыз «экономиканы дамыттық» деп айқай салуға еш құқымыз жоқ» деген тақырыппен берілген. «Қазақстан ірі мұнай өндіретін елге айналып келе жатыр. Сондықтан мұнай мен газдан түсіп жатқан пайданы бүгінгі әлеумет қана емес, келешек ұрпақ та көруге, сезуге тиіс. Сол үшін бүгінгі күні ертеңгі мәселелерді ойлап, мұнай арқылы тәуелсіз экономиканы дамыту жолдарын қарқынды жүргізуге тиіспіз. Дәл қазіргі кезде өз болашағымызды ары қарай қалай дамытудың тетігін қалап жатырмыз. Сонымен қатар «мұнайдың да сұрауы бар» екенін еш естен шығармау керек», - дейді З. Алшымбаев сұхбатында. Сұхбаттың толық мәтінін оқығыңыз келсе, газеттің бүгінгі санын жіберіп алмаңыз.
***
«Ел Парламенті» арақ-шарап саудасын қоғамнан оқшаулау туралы Үкіметке ұсыныспен шықты», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Арақ атаулыны арнайы дүкенде сатуды ұсынды» деген мақаласында. Басылымның жазуынша, төменгі палата депутаты Иван Чиркалин арақ-шарапты тек бейнеқұрылғы орнатылған, арнайы дүкенде ғана сату қажеттігін айтады. Сондай-ақ ол пайда табу үшін алкогольдік өнімдерді сату ережелерін аяқасты етуге баратын, тіпті арақты «ащы суға» құмартқан балаларға да сатудан да тартынбайтын бизнесмендерді қылмыстық қудалауды ұсынған. Мақаланың байыбына барғыңыз келсе, газеттің бейсенбілік нөмірін қараңыз.
«Астана Саммиті - Қазақстан төрағалығының ірі жетістігі». Осындай тақырыппен «Айқын» газетінің бүгінгі нөмірінде жарық көрген мақалаға елордада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті арқау болған. «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, сайып келгенде, ЕҚЫҰ тарапынан еліміздегі саяси және экономикалық даму бағыты стратегиясының дұрыстығын, сонымен бірге ЕҚЫҰ-ның басқа да мүшелеріне үлгі болатын тұрақты және үйлесімді даму тәжірибесінің құндылықтарын мойындау. Ал Ұйымның ең жоғары деңгейдегі жиынын өткізуге бірауыздан дерлік келісім беру - сенім білдіргендік», - деп жазабы басылым.
**
«Кеше Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қатысуымен қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе қалалық бюджеттің қаржысымен елордалықтарды қосымша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету болды», - деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Басылымның жазуынша, қан мен мидың қатерлі ауруына шалдыққандар тегін дәрі-дәрмек алатын болады. Сондай-ақ мәслихат депутаттары қалалық денсаулық сақтау басқармасының амбулаторлық жағдайда миелолейкозбен ауыратындарды жергілікті бюджет есебінен «Нилотиниб» препаратымен қамтамасыз ету туралы ұсынысын құптап, осы мақсатқа қажетті қосымша 15 млн. теңгеге жуық қаржы бөлу жөнінде шешім қабылдады.
Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі нөмірінен қала тіршілігіне қатысты жайттар қамтылған мақалалармен егжей-тегжейлі таныс боласыздар.
**
«Нұр Астана» газетінің бейсенбілік нөмірінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Намазалы Омашевтан алынған сұхбат «Қазақ журналистикасының жаңа дәуірі басталды» деген тақырыппен берілген. Барлық сауалдарға тұщымды жауап берілген сұхбатты оқығыңыз келсе, басылым бейсенбілік нөмірін жіберіп алмаңыз.