Берлиннің қақ ортасынан христиандар, иудейлер және мұсылмандар үшін ортақ құлшылық үйі салынбақ

АСТАНА.  20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Берлиннің қақ ортасынан христиандар, иудейлер және мұсылмандар үшін ортақ құлшылық үйі салынбақ. Аталмыш ғибадат орны «Құлшылық ету және Петриплатцтағы діндерді зерделеу үйі» деп аталады.

Берлиннің қақ ортасынан христиандар, иудейлер және мұсылмандар үшін ортақ құлшылық үйі салынбақ

Онда әр діннің өкілдері үшін өз алдына бөлек, арнайы ғибадат бөлмелері бар, сондай-ақ, кездесуге арналған жалпыға ортақ орын да қарастырылған. Сәні мен сәулеті бөлек бұл құлшылық үйі бұрынғы әулие Петр атындағы лютерандық шіркеудің орнына тұрғызылады. Бұл туралы muslim.kz сайты хабарлайды.

«Берлин-Бранденбург» радиосына берген сұхбатында шіркеу пасторы Григор Хоберг бұл жобаның қалай пайда болғанын былайша әңгімелейді: «Біз қала тұрғындарының арасалмағының өзгергенін байқадық, мұсылмандардың қарасы көбейіп келеді. Діндер арасындағы диалогты қолға алатын уақыттың келгенін сездік». Бірегей жобаның құрылтайшылары: әулие Петр мен әулие Мария протестанттық шіркеуі, Берлиннің жөйттер қауымы, Авраам Гейгер колледжі, Берлиндегі мәдениеттер арасындағы диалог жөніндегі мұсылмандар форумы және Берлин федералды жер үкіметі», - деп жазады Әзірет Сұлтан мешітінің ресми сайты.  

Бірыңғай тегіс кірпіштен қаланған ғимараттың сыртқы көрінісі қандай да бір киелі дүниені еске түсіретіндей ерекшеленбейтін сыңайлы. Ал құлшылық үйінің табалдырығынан аттағандарды христиандардың, иудейлердің және мұсылмандардың сәулет өнері көз тартатын болады. Синагога - Құдысқа, мешіт - құбылаға, ал христиан шіркеуі қаланың бастау алатын тұсына - Петриплатцке қараған.