«Бернли» бапкері Дастан Сәтпаевқа қатысты «Челсидің» шешіміне наразылық білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — «Бернли» клубының бас бапкері Никки Хайен қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың «Чарльтонға» қарсы матчқа не себепті қатыспағанын түсіндірді, деп хабарлайды INFORMSPORTS.
Бапкердің айтуынша, жас футболшының алаңға шықпауына «Челси» клубының шешімі себеп болған. Лондондық команда «Бернлидің» медициналық штабымен бірлесіп, Сәтпаевтың физикалық жағдайы мен жүктемесін бақылауда ұстап отыр.
Бұған дейін «Уотфордқа» қарсы кездесуде қосалқы құрамнан алаңға шыққан қазақстандық футболшының келесі матчқа қатыспауы жанкүйерлер арасында сұрақ туғызған еді.
Никки Хайен бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.
— Жоқ, бізге оны алаңға шығаруға рұқсат берілген жоқ. Бұл — «Челсидің» шешімі. Өйткені оның бұған дейін ауыр жарақаты болған. Олар біздің медициналық штабпен бірлесіп, футболшының жүктемесін қадағалап отыр. Бүгін оның ойнауына болмайтынын хабарлады, — деді маман.
Сонымен қатар «Бернли» бапкері мұндай шектеулердің өзін ашуландыратынын жасырмады. Дегенмен ол екі клуб арасындағы келісімнің талаптарын орындауға міндетті екенін атап өтті.
— Иә, бұл жағдай мені ашуландырады. Бірақ мұның бәрі клубтар арасындағы келісімнің бір бөлігі. Егер футболшы жарақат алса, оның медициналық тобы біздің мамандармен бірге жұмыс істейді. Біз мұндай талаптардың бар екенін алдын ала білдік, — деді Хайен.
Осылайша, Дастан Сәтпаевтың ойындарға қатысуы әзірге оның денсаулығына және «Челси» мен «Бернли» медициналық штабтарының ортақ шешіміне байланысты болмақ.
Айта кетелік Дастан Сәтпаев «Бернли» сапында келесі ойынын қашан өткізуі мүмкін екендігін жазған едік.