Бес балалы отбасы үшін бұл үлкен көмек - Аягүл Мұқашева
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының съезіндегі Елбасының көтерген бастамалары көп балалы аналар мен жалпы халықтың әл-ауқатын арттыратыны сөзсіз. Шахтинск қаласында тұратын бес баланың анасы Аягүл Мұқашева осылай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көп балалы аналар мәселесі қаралып, әр балаға ай сайынғы жәрдемақы 21 000 тенгені құрағаны қатты қуантты. Менің 5 балам бар. Бес балалы отбасы үшін 105 000 теңге өте үлкен көмек», - деді ол.
Сондай-ақ, Аягүл Мұқашева газдандыруға қомақты қаржы бөлінетінін және басқа да әлеуметтік бастамаларды қуана тыңдағанын жасырмады.
«Тағы бір жаңалық, жер үйде тұрып, отын-көмірмен үй жылытып отырған жерлестеріміз үшін. Газдандыруға 920 млрд. теңге бөлінетіні, бұл мәселенің жақын арада шешілетіні емес пе?! Бұдан басқа да халықтың әлеуетін арттыратын жаңалықтар, мақсаттар айтылды. Жастарымызды жұмыспен қамту, әр саладағы қызметкерлердің жалақысын көтеру, денсаулық сақтаудың сапасын арттыру сияқты т.б. маңызды мәселелер айтылды. Біз өте қуаныштымыз. Еліміз өркендеп, дами берсін!» - деді сөз соңында.