Бес бірдей ауыл әкімінің үстінен қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының прокуратурасымен 5 ауылдық округтері әкімдерінің тарапынан жалған актілер арқылы бюджеттік қаражатты ысырап ету фактілері анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.
«2013 жылдың қараша айында Ұзынкөл, Ағоба, Таловка, Борсы және Жақсыбай ауылдық округтерінің әкімдері аталған округтердің (Ұзынкөл ауылы 170 мың теңге сомаға, Ағоба ауылы - 170 мың теңге сомаға, Таловка ауылы - 150 мың теңге сомаға, Борсы ауылы -170 мың теңге сомаға және Жақсыбай - 150 мың теңге сомаға) елді мекендеріндегі жолдарды жөндеу қызметтері мен жұмыстарын мемлекеттік сатып алу туралы «ЖәнібекСтройСервис» ЖШС-мен келісім-шарт жасасқан. Алайда, прокурорлық тексеріс барысында аталған жұмыстардың мердігермен орындалмағаны, бірақ орындалған жұмыстар ретінде актілерге ауыл әкімдерінің қол қойылғандығы анықталды. Бұл ретте жалпы сомасы 810 000 теңге бюджеттік қаражат «ЖәнібекСтройСервис» ЖШС шотына аударылған», - делінген баспасөз баянында. Анықталған фактілер бойынша материалдарды аудан прокуратурасы процессуалдық шешім қабылдау үшін облыстық Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жолданған болатын. Департамент ауылдық округ әкімдеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 314-бабының 3-бөлігі (қызметтік жалғандық жасау) бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстық іс қозғаған.