Бес институционалдық реформа Қазақстанның әлемнің дамыған елдерінің қатарына кіруіне септігін тигізеді - Қ. Жақыпов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елдің одан әрі дамуына, тиімді экономикалық және саяси жүйе қалыптастыруға бағытталған бес институционалдық реформа Қазақстанның әлемнің мейлінше дамыған мемлекеттер қатарына енуіне септігін тигізеді.

Бес институционалдық реформа Қазақстанның әлемнің дамыған елдерінің қатарына кіруіне септігін тигізеді - Қ. Жақыпов

Астанада өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Қазақстандық жол: Бірлік. Патриотизм. Реформалар» атты халықаралық конференцияда сөз сөйлеген Парламент Мәжілісінің спикері Қабиболла Жақыпов осылай мәлімдеді.

Мәжіліс спикерінің сөзіне қарағанда, қазақстандық жолға негізінен ұдайы даму, реформаларды жалғастыру, жалпыәлемдік тенденция аясында жетіле түсуге ұмтылу дүниелері тән болып табылады. Осы бағытта Қазақстан мемлекеттік құрылымның жаңа кезеңіне де қадам басып отыр, бұл Елбасы ұсынып, президенттік сайлауда барша халықтың қолдауына ие болған бес институционалдық реформамен тығыз байланысты.

«Елбасы айқындаған бұл реформалар мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, заңның үстемдігіне, экономикалық өсімді ынталандыруға, қазақстандық біртектілікті нығайтуға, сонымен бірге мемлекеттің транспапернттілігі мен есептілігін арттыруға бағытталған. Реформаны жүзеге асыру үшін «100 нақты қадам» Ұлт жоспары да бекітілді. Жалпылама алғанда, бұндағы әңгіме ең алдымен меритократия қағидаттары бойынша жоғары кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау туралы болып отыр. Екінші блокта, сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының тиімділігі мен ашықтығын арттыру жолымен заңның үстемдігін қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Сот жүйесін реформалау аясында инвестициялық дауларды шешудің ашықтығын қамти отырып, біз шетелдік инвесторлардың сенімділігін көтере түсеміз», - деді Қ. Жақыпов.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, осындай ауқымды реформаларды жүзеге асыру ең алдымен халық бірлігі, оның саналы еңбегі мен қазақстандық патриотизмі арқасында ғана орын алады.

«Мұндай реформаның барлығы еліміздің одан әрі дамуына, тиімді экономикалық, саяси жүйені қалыптастыруға бағытталады әрі осы арқылы Қазақстанның әлемдік мейлінше дамыған мемлекеттерінің қатарына енуі қамтамасыз етіледі», - деді Қ. Жақыпов.