Бес күнде тәртіпке бағынбаған 26 жолаушы пойыздар мен ұшақтардан түсірілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаңтар айының 5 күнінде тәртіпке бағынбаған 26 жолаушы қоғамдық көліктерден түсірілді. Бұл туралы ҚазАқпарат Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Атап айтқанда, жолаушылар көліктерінен түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 26 адам, оның ішінде жолаушылар пойыздарынан - 14, әуе кемелерінен - 12 құқықбұзушы түсірілген.

Мәселен, 5 қаңтарда Маңғыстау-Алматы бағытындағы жолаушылар пойызында Қызылорда облысының 43 жастағы тұрғыны алкогольдік ішімдіктерді ішіп, балағат сөздер айтып, жолсеріктердің ескертулеріне құлақ аспаған. Қызылорда облысы Сексеуіл станциясына келгеннен кейін пойыз бастығының актісімен жолаушы түсіріліп, Желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлеріне тапсырылған.

«Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 3-бөлігі, яғни алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу және 434-бабы 1-бөлігі, ұсақ бұзақылық бойынша бірден екі хаттама толтырылып, іс Қызылорда облысы Арал аудандық сотына жіберілді», - деді Көліктегі ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Дәулет Молдаханов.

Полиция полковнигінің айтуынша, бұл ер адам бір жыл ішінде алкогольдік ішімдіктерді екінші рет ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«6 қаңтарда Арал аудандық сотының шешімімен аталған құқықбұзушыға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, 2 тәулік әкімшілік қамаққа алынды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар