«Бес миллиард тонна қалдықтың қасіреті» – республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 5 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 5 қараша, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Бес миллиард тонна қалдықтың қасіреті» – республикалық басылымдарға шолу

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Тапсырмалар талапқа сай орындалуда» деген мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, еліміздің құрылысшылары күні бүгінге дейін кешегі кеңес заманында қабылданған нормалармен жұмыс істеп келеді. Қазіргі заман талабына жауап бере алмайтын бұл ережелер өз кезегінде осы саладағы жұмыстардың жақсы жүріп кетуіне кедергі келтіріп отыр. Сондықтан да Елбасы биылғы жылғы 18 қазанда Үкімет басшысына мектеп, аурухана және емхана, сондай-ақ басқа да әлеуметтік нысандар құрылыстарының бағаларын арзандатудың шараларын қарастыру жөнінде тапсырма берген еді. Елбасының Үкіметтің алдына қойған осы міндеттері қалай жүзеге асырылып жатқанын осы мақаладан білуге болады.

***
«Айқын»
газеті бүгінгі нөмірінде «Бес миллиард тонна қалдықтың қасіреті» деген мақала басты. Мақалада келтірілген мәліміттерге сүйнесек, Павлодар экологиялық жағдайы нашарлығы жағынан жалпы елімізде жоғарғы жағынан санағанда Қарағанды облысынан кейінгі екінші орында тұр. Бүгінгі күні аймақта 5 миллиард тоннадай қалдық жиналып қалған. Бұл тек қана жергілікті экологтарды емес, басшылықты да түн ұйқысынан шырт оятатын күрделі мәселе. Себебі күн өткен сайын қоршаған ортаның ахуалы асқынып барады.
«Әрине, Павлодар өнеркәсіптер көп шоғырланған еліміздің индустриалдық аймағы болғандықтан, мұндай жағдайдың орын алуы да заңды. Бірақ экономикалық аймақ болумен қатар, экологиялық жағынан да жұрт сүйсінерлік орыннан көрінуі қажет еді. Ол үшін қаржы да баршылық. Амал қанша, армандар орта жолдан үзілуде. Ал мамандар мұны өндіріс орындарының көбеюімен түсіндіреді. Бірақ сол өнеркәсіптердің барлығы бірдей ауаға шығарылатын зиянды қалдықтардың көлемін азайтатын сүзгілер орнатуда десек, артық айтқандық болар. Бұл шаруаға келгенде түрлі сылтауды алға тартып, қырын қарайтындардың да бар екендігін жасырмаған абзал»,- делінген мақалада.

Сондай-ақ осы басылымға сұхбат берген Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры, академик Жексенбек Әділовтің айтуынша, еліміздегі кәсіпорындар өндірісін жаңа сапа деңгейіне шығаруда суперкомпьютерлер өте қажет. Әлемнің дамыған елдері ХХІ ғасырда өзінің ұлттық экономикасын инновациялық жол арқылы дамытуға көшті. Яғни ғылыми-техникалық прогресс бойынша. Қазір дамыған елдердің ішкі жалпы өнімінің өсіміне ықпал етіп отырған бірден-бір фактор да осы болып табылады. Сондықтан суперкомпьютер технологиясын Қазақстанға енгізбейінше, бәсекеге қабілетті мемлекет болу және еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму міндетін орындау қиынға соғады. Ғалымның инновация саласында болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарға қатысты айтқан ойларын «Айқынның» бүгінгі санындағы «Әлемнің дамыған елдері ХХІ ғасырда өзінің ұлттық экономикасын инновациялық жол арқылы дамытуға көшті», - деген мақаладан біле аласыздар.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында еліміздің ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін субсидия жөнінде мәселе көтерді. Бұл жайында жазылған мақала «Біреуге бақ, біреуге сор болған субсидия» деп аталады. Онда келтірілген мәліметтер бойынша, 2007 жылы субсидия ретінде Оңтүстік Қазақстан облысының диқандарына деп 2,7 миллиард теңге бөлінсе, 2008 жылы - 4,2, 2009 жылы - 4,9, 2010 жылы 8,9 миллиард теңге тиесілі болды. Өкінішке қарай, осы қаржыны игеруде жыл сайын заңсыздықтарға жол берілумен келеді. Бұған байланысты нақты шаралар көтерілгенімен «ет тәттілігін тыймаса, мысық ұрлығын қоймайды» дегендей заңсыздыққа жол берушілер қатары азаймай отыр. Мәселен 2009 жылы тиісті қаражаттың 10 миллион теңгесі іске аспай қалса, биылғы жылдың 1 қазанына дейін жаратылуы тиіс қаражаттың 559,9 миллион теңгесі игерусіз қалған.

Осы басылымның хабарлауынша, елімізге келетін инвесторларды көбіне тау-кен саласы қазықтырады. Осыған байланысты әдетте аталмыш саладағы инвестиция қарқыны жоғары болатын. Бірақ биылғы жыртыжылдықтың қорытындысы бойынша тау-кен саласына тартылатын инвестицияның өсу қарқынынан Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторына тартылған инвестиция көлемі асып түскен. Бұл осыған дейін болмаған жағдай. Осы бағытта Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі ағымдағы жылдың соңына дейін шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында «Жол картасын» жасап шықпақ. Ол құжат арқылы АҚШ, Қытай, Түркия, Корея, Жапония, Германия, Франция сияқты елдерден инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл туралы «Инвестиция тартудың «Жол картасы» жасалмақ» атты мақалада егжей-тегжейлі жазылған.

***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, кеше ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды. Заңда темекі өнімдеріне акциздер ставкаларының мөлшерін 2014 жылға дейін жыл сайын 25 пайыз бойынша кезең-кезеңмен арттыру мүмкіндігі де қаралып отыр. Бұл дегеніңіз Қазақстанда темекі бағасы біртіндеп қымбаттайтын болады. Заңды қабылдаудағы басты мақсаттардың бірі - елімізде темекі шегетін адамдардың санын азайтып, халықтың денсаулығын оңалту. Ал кейбір депутаттардың пікірлерінше, халықтың денсаулығын нығайту үшін аталмыш шара жеткіліксіз. Бұл туралы «Дым табака с акцизом» атты мақаладан біле аласыздар.