Бес облыста ауылшаруашылық жерлері қысқарды - Үкімет отырысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1991 жылдан бері Қазақстанның бес облысында ауыл шаруашылығы жерлері қысқарды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Атуғанов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, 1991-2016 жылдары егіс алқаптары 10 млн 600 мың гектарға қысқарғаны байқалады. Ауыл шаруашылығы жеріне тиесілі егістіктің қысқаруына түрлі себептер әсер етті. Сонымен бірге 7,5 млн гектар деңгейіндегі алқаптың бысым бөлігі немесе 70 пайызы бес облыста қысқарды. Осы орайда егістік жерлердің қысқаруының елеулі көрсеткіші Павлодар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында байқалды.
«Енді егістікті айналымға тарту картасы аясында 1,9 млн гектар егіндік жер жем-шөп, майлы дақылдар мен бұршақ дақылдарын өсіру үшін айналымға шығарылады», - деді вице-министр.
Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі проблемаларды шешу үшін тиісті карталар әзірленгенін хабарлаған болатын.